18:22, 31 Наурыз 2009
М. Тәжиннің сапары барысында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары мен Азиялық БАОС форумына қатысуына дайындық барысы талқыланды
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің Қытайға ресми сапары барысында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары мен Азиялық БАОС форумына қатысуына дайындық барысы талқыланды.
Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі брифинг барысында аталмыш ведомствоның реми өкілі Ержан Ашықбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Наурыздың 30-ындағы ҚХР-ға ресми сапары барысында Сыртқы істер министрі М. Тәжин ҚХР Төрағасының орынбасары және Қытай Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен кездесті. Қытай Сыртқы істер министрлігіндегі келіссөздер барысында алдағы сәуір айына жоспарланып отырған ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары мен Азиялық БАОС форумына қатысуына дайындық барысы талқыланды. Сонымен бірге, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, энергетика, ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік жайында пікір алмасулар болды. Сондай-ақ трансшекаралық өзендерді қорғау мен бірлесе пайдалану жөніндегі серіктестік бағыттары қарастырылды. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің дамуына тоқтала отырып, өзара сауданың ғаламдық сипатта ұлғаюына қарамастан екіжақты тауар айналымы көрсеткішінің өсуін атап өтті. Министрлер екі елдің басшылары алға қойған 2015 жылға қарай сауда айналымын 15 млрд. долларға жеткізу туралы тапсырманың уақытынан бұрын орындалатынын атап көрсетті», - деді Е. Ашықбаев. Оның айтуынша, сапар барысындағы кездесулерде БҰҰ, ШОС, АӨІСШК сынды көпжақты ұйымдар мен бірлестіктер форматындағы екі елдің әрекеттестігі өз алдына бөлек әңгіме арқауы болған. Сонымен бірге, дипломатиялық ведомстволар басшылары сыртқы істер саласында, нақтырақ айтқанда министрліктер арасындағы консультациялар ынтымақтастығын жандандыруға дайын екендіктерін білдірген.
«Марат Тәжин өз әріптесін келесі жылы Қазақстанға сапармен келу туралы ұсыныс жасап, бұл шақырту құп алынды», - деді ресми өкіл.