М. Тәжиннің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» Резиденциясында Президент көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссиясының отырысы болды.

Отырыста Қазақстанның көлік қауіпсіздігінің қалпы мен транзиттік мүмкіндіктерін дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Негізгі баяндаманы Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов жасады.

Отырыс барысында Марат Тәжин үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның сапалы іске асуы мен республикамыздың жеке аймақтарының дамуы көлік саласына тікелей байланыстылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Шығыс-Батыс бағытында қазақстандық тауарлар мен транзиттік жүктердің өтуіне жаңа шығу жолдарын қалыптастыратын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль магистралін, «Жетіген-Қорғас», «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара», «Ералиев-Құрық» темір жол желілерін салу жобалары іске асырылып жатқандығы сөз етілді.

Отырыс соңында мемлекеттік органдарға еліміздің көлік саласы мен транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған тапсырмалар берілді.