ІІМ телефон алаяқтарының басты әдіс-тәсілдерін атады

Фото: ҚР ҰҚК

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ішкі істер министрлігі телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерде қылмыскерлер жиі пайдаланатын сөздерді атады.

Көбінесе алаяқтар мынадай тәсілдерге жүгінеді:

  • «Қаражатыңызды сақтау үшін оларды басқа шотқа аударыңыз немесе депозиттен шешіп алыңыз» (жалған қауіп төндіріп, шұғыл әрекетке итермелеу).
  • «Сізбен тергеуші / ІІМ немесе ҰҚК қызметкері сөйлесіп тұр (аты-жөні). Тұтқаны қоймаңыз!» (жалған лауазым арқылы қысым жасау).
  • «Бұл қоңырау туралы ешкімге айтпаңыз, құпия операция жүргізіліп жатыр!» (жәбірленушіні оқшаулау).
  • «Кодтық сөзді өзгертуге өтінім түсті» (шотқа қол жеткізуден айырылу қаупін тудыру).
  • «Мен — байланыс операторы қауіпсіздік қызметінің маманымын. Қазір сізге код келеді, соны хабарлаңыз!» (SIM-картаны ұрлау және онлайн-банкингке кіру үшін қолданылатын әдіс).
  • «Депозиттегі қаражатты банктің „қорғалған“ шотына аудару қажет» (ақшаны жалған қорғау тәсілімен иемдену).
  • «Бұл — ұлттық қауіпсіздік қызметкері. Қай банкте шоттарыңыз бен несиелеріңіз барын хабарлаңыз. Оларды дереу бұғаттау үшін карта мен депозит деректерін беріңіз» (деректерді толық жинап, кейін ұрлау).
  • «Туысыңыз қиындыққа тап болды (ЖКО, полиция, аурухана). Шұғыл ақша аударыңыз!» (эмоциялық қысым жасау).
  • «Сіз ұтып алдыңыз / өтемақы аласыз! Ол үшін баж салығын (салықты, жеткізу құнын) төлеңіз» (жалған сыйақы уәдесі).
  • «Сіздің шотыңыздан ақша шешілмек болды. Операцияны тоқтату үшін SMS кодын атаңыз» (қорқытып, бір реттік құпиясөзді алдыру).

ІІМ мәліметінше, осылайша алаяқтар азаматтардың мобильді қосымшасына кіруге немесе қаражатты «қорғалған шотқа» өз қолымен аударуға сендіреді.

Сондай-ақ TeamViewer, AnyDesk, RustDesk, HopToDesk, RudeDesktop сияқты қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды орнатуға мәжбүрлеуі мүмкін.

Министрлік тұрғындарға ешқашан SMS кодтарын, CVV, PIN-код, картаның толық деректерін хабарламауға және ақшаны «қорғау» желеуімен аудармауға кеңес береді. Шынайы полиция қызметкерлері, банк немесе оператор өкілдері телефон арқылы ақша немесе код сұрамайды.

Айта кетейік, Ұлттық банк жасанды интеллекті арқылы жасалатын алаяқтық схемалар туралы ескертті.