М. Жәкішевке қатысты шығарылған үкім қатаң емес - аудандық сот төрағасы

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының төрағасы Нұржан Жолдасбековтың пікірінше, Мұхтар Жәкішевке қатысты шығарылған үкім қатаң емес.

. Бұл туралы ол бүгін Астанада «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысының ісіне қатысты өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қылмыстық процессуалдық заңнаманың жалпы ережесі бойынша үкім шығару кезінде іс бойынша төрағалық етуші айыпталушының тұлғалығын ғана ескеріп қоймайды. Әрине, ол (М. Жәкішев) «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының дамуына көп үлес қосқан адам, сондай-ақ өз ісіндегі епті менеджерлердің бірі. Алайда заң барлықтары үшін бірдей»,- деді Н. Жолдасбеков.

«Біздің тәжірибемізде 2-3 мың теңге пара үшін жол полициясы қызметкерін 3-5 жылға жауапқа тартамыз. Ал елеулі көлемде жұмсалған қаржыға, сондай-ақ ірі көлемде алынған пара үшін неге 14 жылға бас бостандығынан айырмасқа», - деді ол.

Айта кетейік, наурыздың 12-інде М. Жәкішевке қатысты 14 жыл бас бостандығанан айыру үкімі шығарылған болатын.

Баспасөз мәслихатында мәлім болғанындай, М. Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының президенті болған уақытта, мемлекеттік қызметтерді орындауға уәкілеттілік берілген тұлға бола отырып, өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге оған сеніп тапсырылған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамының мүлкін 111 миллион теңгеден астам мөлшерінде ірі көлемде жымқырған, сондай-ақ делдалдар арқылы топтасып бірнеше рет аса ірі мөлшерде жалпы сомасы 791 миллион теңгеден астам көлемде ақша түрінде пара алған.