Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке компанияның дүние-мүлкін ұйымдасқан топтың көмегімен ысырап ету арқылы мемлекетке зор көлемде шығын келтірді деген айып тағылып отыр. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 2003 жылы М. Жәкішев МАГАТЭ-мен байланыстарды жетілдіру қажет деген сылтаумен Австрия астанасынан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өкілдігін ашқан. «Ал өкілдіктің басшылары мен қызметкерлері ретінде формалды түрде Австрияның Қазақстандағы елшілігінің қызметкерлері мен олардың туыстары тіркелген. Мысалы, ұлттық компанияның Венадағы өкілдігінің басшысы ретінде елшілік қызметкері Эльнара Шоразованың анасы мен Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісінің жанында болған Вадим Кошляктың жұбайы тағайындалған. Осылайша М.Жәкішев ұлттық компанияның Венадағы өкілдігіне қажетті дүние-мүліктерге жұмсалды деген сылтаумен 2003 жыл мен 2007 жылдардың аралығында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының 99 миллион 736 мың 961 теңгесін жымқырған. Оған аталған әрекеттерден өзге мемлекеттік сатып алулар конкурсының жеңімпазы атану үшін мердігер кәсіпорын басшыларынан аса ірі көлемде пара алған деген айып тағылып отыр», деді ресми өкіл.
Сондай-ақ М.Жәкішевтің оққағары Қыстаубаевқа да «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қаржысын жымқырып, өзінің қызметін теріс мақсаттарға пайдаланды деген айып тағылып отыр. «Әрине, аталмыш істі қарау және ол бойынша қандай шешім қабылдайтындығын сот шешеді. Дегенмен прокуратура бұл істің барынша ашық өткізілуіне ұйытқы болады. Ал уран кеніштеріндегі ұрлық мәселесіне байланысты істер қосымша тергеу, іздестіру шараларын қажет ететіндіктен, оған қатысты материалдар бөлек қаралатын болады. Қазіргі таңда олар бойынша да алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде», деді Н.Сүйіндіков.