ІІМ жоғары оқу орындарына түсу үшін қандай талаптар қойылады

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарында оқып, құқықтық органдарда қызмет еткісі келетін талапкерлерге арналған ережелер бар. Талаптармен толығырақ Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев таныстырды. 

«Министрліктің жоғары оқу орындарына ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сай келетін, әскери қызметке және оқуға денсаулығы жарамды жастар қабылданады.
Оқуға тапсыру үшін, маусым айына дейін полиция бөлімдерінің кадр қызметіне, тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне немесе оқу орнының сайтына өтініш береді», - деді Шыңғыс Алекешев ведомствода өткен онлайн брифингіде.

Сондай-ақ, талапкер медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, полиграфта тексеруден өтуі керек.

«Ұлттық бірыңғай тестілеуде кемінде 50 балл жинауы қажет. Математика мен оқу сауаттылығынан кемінде 3 балл және басқа пәндер бойынша кемінде 5 балл болуы тиіс. Осыдан кейін ғана, ІІМ жоғары оқу орнындағы конкурсқа қатыса алады. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бері талапкерлерді іріктеудің жаңа форматы енгізілді. Енді талапкерлердің ата-анасы мен туыстары әлеуметтік желі арқылы қабылдау емтихандарын тікелей эфирде бақылай алады», - дейді ол.

Брифингіде айтылғандай, олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, сол сияқты спорттық жарыстардың жеңімпаздарына басымдық беріледі.

Атап айтқанда: 
- «Алтын белгі» иегерлері;
- ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинағандар;
- Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызмет өткеріп, ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинағандар. (әр пәннен кемінде 3 ұпайдан жинау қажет);
- Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған қызметкерлердің балалары конкурстан тыс қабылданады.