08:14, 18 Наурыз 2009
Мадагаскар оппозициясының жетекшісі өзін Президентпін деп жариялады
АНТАНАНАРИВУ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Мадагаскарда оппозиция жетекшісі өзін елдің жаңа Президенті деп жариялады.
Журналистердің алдында жасаған алғашқы мәлімдемесінде Андри Радзуэлина, бұдан былай оны «президент мырза» деп атау керектігін айтты. Аздаған сәттен кейін саясаткер сөзін «Ауыспалы президент» деп нақтылады. Отандастары мансап жолындағы екпінді жылдамдығы үшін «жүрдек пойыз» атап кеткен оппозиционер елдің қарулы күштерінің жоғарғы шенділерінен «елдің барлық билігін» қабылдап алып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Эхо Москвы» радиостансасына сілтеме жасап. Мадагаскар президенті Марк Равалуманана осының алдында ғана қызметінен кетіп, билікті әскерилерге беретінін жария еткен болатын. Бірақ әскерилер болса саясаттан тыс қалуды жөн көріп, билікті оппозиция өкіліне тапсыруда.