Министрдің айтуынша, брендті дамыту жұмыстары министрліктің ағымдағы міндеттері аясында жүзеге асырылып келеді.
– Мен сіздерге айтайын, бір тиын да бөлінген жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, біз бұл жерде өз шеберлігімізді көрсетіп отырмыз. Министрлікке ілгерілету үшін бір тиын да бөлінбеді. Оның үстіне, біз барлық экожүйені өзіміздің ағымдағы міндеттеріміз аясында өз қолымызбен жасадық, – деді Арман Шаққалиев.
Сонымен қатар спикер Made in Kazakhstan белгісін пайдалану ақылы болуы керек деген ұсыныстар болғанын да айтты.
– Талаптар, экожүйе, стандарттарды қалыптастыруға қатысты, тіпті Made in Kazakhstan белгісінің өзіне байланысты оны жекешелендіріп алғысы келгендер болды. Яғни біз оны әзірледік, енді оны пайдалану үшін ақы төлеу керек деген ұсыныстар айтылды. Бірақ біз оған жол бермедік, – деді министр.
Оның айтуынша, мемлекеттің міндеті Made in Kazakhstan белгісін жеңілдік немесе субсидия алу құралы емес, сапаның символы ретінде қалыптастыру.
– Made in Kazakhstan Swiss Made, Made in Germany немесе Made in China сияқты қабылдануы тиіс. Біз осы бағытта келе жатырмыз. Мүмкін, бұл бірден жүзеге аспайтын шығар, бірақ қойылған міндеттерді нақты түсініп отырмыз, – деді Арман Шаққалиев.
Айта кетейік, ұлттық тауарлар каталогына 30 млн жуық жазба енгізілді.