Made in Kazakhstan - экологиялық таза өнімнің брендіне айналуы керек
Расында әлемдік сауда қызу түрде сапырылысып жатыр. Нәтижесінде қазір кез келген мемлекет өзіне қажетті барлық тауарларды өздері шығарып жатпай, оны басқа елден арзан бағамен сатып алуды жолға қойды. Есесіне, өзі де басқа елге дәл сондай басқа тауарды арзан бағамен шығаруға машықтанып, тырмысып жатыр. Мұндай сапалы, арзан өнімдерді халықаралық нарыққа шығару, шығарғанда да оны көптеп, сұранысын арттыра отырып шығару қандай да бір елдің басты мұратына айналуда. Жаһанданған заманның қазіргі халықаралық саудасының талабы осы.
Қазақстанға келсек, еліміздің халықаралық нарықтағы негізгі позициялары - мұнай, уран, түрлі металлдар, бидай және тағы осы секілді шикізат. Шикізатты сыртқа сатып, тұрмысқа қажетті көптеген заттарды шетелден әкелеміз. Тіпті азық-түліктің өзін де белгілі бір деңгейде экспорттап жатырмыз. Алайда, мұндай жағдайдың зардабы жеңіл болмайтыны да белгілі. Сондықтан да, ағымдағы жылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндетін жүктеді.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Елбасы экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомствоға шоғырландыруды, елдің экспорттаушыларына «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керектігін алға тартты. Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құру тапсырылып, оған бизнес қоғамдастығының өкілдерін тарту жүктелді. Бұдан бөлек, Президент 1 қыркүйекке дейін Үкіметке әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп Бірыңғай экспорт стратегиясын әзірлеуді тапсырды. «Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн», - деді Н.Назарбаев.
Қазақстан қазіргі күні әлемдегі экспорттаушылар саналатын 50 елдің қатарына кіреді. Халықаралық нарықта Қазақстанның уран экспорты бірінші орында тұр. Ұнның экспортынан - 2, титан экспортынан - 3 орындамыз. Мұнай, газ, көмір мен темір секілді шикізаттан басқа экспортталатын тауарлар қатары да артып келеді. Соның бірі соңғы кездері Қазақстанда шығарылған электровоздар мен тепловоздар Түркіменстанға, Тәжікстанға, Әзербайжанға, Қырғызстанға экспортталды. Талдықорғанда шығарылатын аккумуляторлар Африкаға жол тартты. Еліміздегі аккумулятор құрастыратын жалғыз кәсіпорын - «Қайнар-АКБ» былтыр 1 млн 884 мың аккумулятор құрастырып, Қазақстан нарығының 90%-ын отандық аккумуляторлармен қамтамасыз еткен. «Kainar» және «Bars» аккумуляторларына ребрендинг жасалып, олар Қытайға жеткізіле бастады. Жақын арада кәсіпорын Еуропа нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бұған дейін Польша Республикасымен сауда келісімін жасаған. Ал қазақстандық кілемдер Германияда, Англияда, Украинада, сондай-ақ, IKEARUSSIA желісінің 52 супермаркетінде ұсынылған. Телекоммуникация жабдықтары Иранға, Түркіменстанға экспортталған. Тауық жұмыртқалары Ауғанстанға, Араб Әмірліктеріне шығарылады, қой мен сиыр еті Иранға саудаланады. Жалпы 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның тауар айналымы 58 млрд долларды құраса, оның 32 млрд доллары экспорттың, 26 млрд доллар импорттың үлесінде. Алға жылжу бар.
Тағы бір дәлел, экспортты дамыту мен жылжыту жөніндегі «KAZNEX INVEST» АҚ мәліметтеріне сүйенсек, былтыр экспорт үлесіндегі өңделген тауар үлесі 24-тен 35 пайызға ұлғайған. Яғни, Қазақстанда өңделген тауар түрлері де сыртқы нарыққа жол сала бастады деген сөз. Бұнымен қоса, қазақстандық экспорттық тауарлардың номенклатурасы 969 позицияға дейін өскен, сыртқа шығатын бағдарлар да кеңейіп, Қазақстан әлемнің 117 еліне тауар экспорттай бастады.
Айта кетерлігі, мемлекет отандық экспортты жандандыру үшін біршама күш те, ресурс та сарпып жатыр. Мәселен, индустрияландыру бағдарламасының шеңберінде жаңа өндірістер іске қосылды, отандық өндірушілерді экспорттық қолдау тетіктері қамтылды. Былтырдың өзінде қазақстандық 40 кәсіпорын шетелдік көрмелерге қатысқан. Қазақстандық өнімді таныстыру бойынша әлемнің 20 елінде 70-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, онда сауда миссиялары жүзеге асты, салалық көрмелер, ұлттық стендтер ұйымдастырылды.
«KAZNEX INVEST» қолдауымен өндірушілер 200 млн АҚШ долларына дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, тұз, құрылыс материалдары, ерлердің костюмі, балалар киімі, макарон, ұн, шырын, сусын, кондитерлік бұйымдар жеткізуге экспорттық келісімшарттар жасасыпты. Айта кетерлігі, отандық компанияларды экспортқа жылжытуға жұмсалған бюджеттік 1 теңгенің экспорттық келісімшарттар түрінде қайтарымы 59 теңгені құраған.
Әрине, мұндай статистиканы тізбекке сала беруге де болады. Алайда, статистика құр әшейін статистка үшін емес, осы бағыттағы тиімді қазақстандық позицияларды анықтап, отандық өнімнің басымдықтарын айқындау үшін қажет. Дегенмен, Қазақстанның экспорттық әлеуетіне қатысты негізгі басымдық аграрлық секторда болуы керек.
Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек
Жолдауда Президент Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екендігін айта келе, еліміз көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айнала алатынын атап өтті. «Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», - деп атап өтті Елбасы. Осыған байланысты Президент Үкіметке ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды.
Шындығында, елімізде аграрлық сектордың әлеуеті зор. Тіпті Қазақстанға Елбасы айтқандай Еуразияның «нан себеті» болып қана қоймай, әлемдік деңгейде таза экологиялық өнім шығаратын мемлекет ретінде танылатын мүмкіндігі де жетеді. Сосын азық-түлікке деген сұраныс алдағы уақытта да әлем бойынша арта беретіні де белгілі. Болжамға сүйенсек, 2050 жылы Жер тұрғындарының саны 8-10 миллиард шамасында болуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда әлем үшін басты проблема - жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы уақытта халық үшін, әсіресе, сапалы, қауіпсіз азық-түлікке деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Ендеше, осы іске аграрлық әлеуеті зор Қазақстанның да белсене араласатын кезі келді.
Халықта «Ауру - астан» деген сөз бар. Соңғы жылдары сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету аясында осы даналықтың өзектілігі де барған сайын арта түскен тәрізді. Дүкен сөрелерінде қоспаларсыз, бояусыз, ГМО-сыз, синтетикалық агрохимикаттармен уланбаған, гормондар қосылмаған таза органикалық өнімнің ығысуы да байқалады. Олардың орнын баға жағынан бәсекесі басым, алайда сапасы күмән тудыратын өнімдер басуда. Осының өзі бір жағынан халықтың азық-түлікке деген сұранысы шапшаң өсіп отырғанын білдірсе, екінші жағынан сапалы өнімнің жетіспеушілігін аңғартады емес пе?
Қазірдің өзінде сарапшылар бүкіл әлемде экологиялық таза өнімге сұраныс жыл сайын орта есеппен 20-30 пайызға артып отырғанын алға тартады. Ал органикалық өнімді көп пайдаланатын мемлекеттер қатарында Еуропалық Одақ пен АҚШ, Канада секілді елдер тұр. Дегенмен, соңғы жылдары тұтыну бағытында Оңтүстік Американың біраз елдері, Африка елдерінде, Қытай, Үндістан мен Индонезияда белсенділік артып келеді. Ал мұндай жағдай ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, аграрлық секторында органикалық өнім келешегі үлкен үміт күттіретін Қазақстанның өз мүмкіндіктерін пайдаланбауы еш қисынға сыймайтыны анық.
Органикалық таза өнімді дамыту әлеуеті тұрғысынан алғанда Қазақстанның ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен географиялық оңтайлы орналасу мәселесіне де назар аударған ләзім. Шындығында, Қазақстан тағам өнімдеріне сұраныс үнемі артып отыратын Қытай, Ресей, Орта Азия және Таяу Шығыс пен Еуропа сияқты негізгі нарықтардың ортасында орналасқан. Бұл ауқымды ауыл шаруашылығы жерлерін иемденіп отырған мемлекет үшін үлкен мүмкіндік. Соның ішінде кейінгі жылдары сарапшылар, әсіресе, Қытай бағытына Қазақстаннан сапалы органикалық ауыл шаруашылығы өнімін импорттауға ерекше көңіл бөліп отырғанын аңғару да қиын емес.
Түйіндей айтсақ, Қазақстанның жайлауы мен жайылымы мал шаруашылығын, дархан даласы егін шаруашылығын дамытуға аса қолайлы. Бұл үшін жерден көп өнім алудың соңына түсіп, оны улаудың да, химиялық қоспалармен бүлдірудің да еш қажеті жоқ. Қоспасыз таза өнім - Қазақстанның басты ерекшелігі. Ең ақыр аяғы Қазақстан өзінің әлемдік аренадағы органикалық, экологиялық таза тағам өндіретін ел ретінде имиджін құру керек. Қазірдің өзінде бұған мол мүмкіндік бар. Өйткені, Еуропада, Иранда, Араб Әмірліктерінде, Қытайда, Кореяда Қазақстан экоөнімдерімен танымал бола бастады. Бұл іс ары қарай жалғасын тапса, оған мемлекеттік деңгейде мән берілсе игі. Сонымен қатар, экологиялық таза, қоспасыз органикалық өнімді ішкі нарықта да қолдап, халық саулығы үшін де, экономика үшін де өз нарығымызды осындай өніммен толтырылғаны ләзім.