«Made in Kazakhstan with Italy» − Қазақстан мен Италия қай салаларда ынтымақтастықты арттырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан өзін тек ресурс жеткізуші ғана емес, Еуразияның көлік, өндірістік және технологиялық хабы ретінде көреді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Қазақстан — Италия» бизнес-форумының панельдік сессиясында айтты.
Министр еліміздің халықаралық жеткізу тізбектерінде орнықты, цифрлық және әртараптандырылған шешімдер ұсынуға қабілетті екенін атап өтті.
− Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан әрдайым балама логистикалық бағыттарды іздейді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытына (Орта дәліз) ерекше назар аударылып отыр. Логистикалық тізбектердің қайта құрылуы арқылы бұл дәліз Солтүстік бағытқа балама ретінде маңызды стратегиялық рөлге ие болды. 2024 жылы жүк тасымалы көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тонна болды, ал контейнерлік тасымалдар 2,6 есе ұлғайып, 50,5 мың ЖФЭ-ға жетті. Бұл — көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғанын білдіреді, − деді Арман Шаққалиев.
Арман Шаққалиев Италияның машина жасау, өнеркәсіптік дизайн, агроөнеркәсіп және энергетикалық технологиялар салаларында әлемдік көшбасшы екенін айтты.
− Біз мұнда ерекше синергияны көріп отырмыз: Италияның технологиялық және инвестициялық әлеуеті Қазақстанның ресурстық базасымен, логистикалық инфрақұрылымымен және стратегиялық орналасуымен үйлесіп, үлкен мүмкіндіктер туғызады. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 19,9 млрд долларға жетіп, 24%-ға артты. Оның ішінде Қазақстаннан экспорт — 18,7 млрд долларды құрады. Негізгі экспорттық тауарлар — мұнай, ферроқорытпалар, алюминий және ауыл шаруашылығы өнімдері. Италиядан импорт көлемі 1,3 млрд доллар болды және негізінен машина жасау өнімдері, медициналық препараттар мен өнеркәсіптік жабдықтардан құралды, − деп толықтырды ол.
Алайда, бұл көрсеткіштер екіжақты сауда-экономикалық әлеуеттің тек бір бөлігін ғана көрсетеді. Бүгінгі форум қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарып, шикізатты терең өңдеу, бірлескен өндіріс пен жоғары технологиялық кәсіпорындарды жергілікті жерде дамытуға бағытталған жаңа серіктестік кезеңін бастауға ықпал етпек.
Перспективалы бағыттар қатарында Қазақстан-Италия бастамаларын қолдайтын инвестициялық қор құру, «Digital Supply Chain 4.0» цифрлық платформасын дамыту, экспорттық және инвестициялық сын-қатерді бірлесіп сақтандыру, болашақ жобалардың заманауи экологиялық және әлеуметтік стандарттарға сай болуын қамтамасыз ететін ESG жол картасын жасау бар.
Қазақстан тарапынан ұсынылған негізгі бастамалардың бірі — «Made in Kazakhstan with Italy» бірлескен бренд құру идеясы болды. Бұл бренд терең технологиялық кооперацияның және жоғары бәсекеге қабілетті өнімді бірлесіп өңдеу мен экспорттауға көшу үрдісінің символына айнала алады.
Сонымен бірге, агроөнеркәсіптік кооперация да басты назарда болды. Қазақстан органикалық бидай, майлы дақылдар мен мал азығын экспорттауды ұлғайтуға дайын екенін білдіріп, халықаралық нарыққа бағытталған бірыңғай брендпен ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өңдеу және буып-түю желілерін құруды ұсынды.
Бұған дейін премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтағанын айтқан еді.
Қазақстан мен Италия арасында 180 миллион еуроға меморандумдар бекітілді.
Сондай-ақ, Астана — Милан тікелей рейсі ашылатын болды.