Сценарист Гүлнар Салықбайдың хабарлауынша, осы іс-шара өтетін 7 күн бойы түркі халықтарының әуені салтанат құрып, қазақтың ұлттық спорт ойындары мен салт-дәстүрлерінің көрмесі ұйымдастырылатын болады. «Келген қонақтар көрмені аралап қана қоймай, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен етене таныса алады. Ол үшін арнайы адамдар қызмет етпек», - дейді Г.Салықбай.
Сондай-ақ алдағы уақытта «Мәдени Азиада» аясында «Қазақстанның жарқын болашағы» атты классикалық музыка концерті, балалар суреттері мен эсселер байқауының қорытындысы, «Сарыарқа» ұлттық ансамблінің концерті, Астана қаласы оркестрлерінің гала-концерті және тағы басқа мәдени-қоғамдық шаралар өтеді.