«Мәдени мұра туралы» арнайы заң қабылдау керек - Әшірбек Сығай
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Әубәкір Ысмайылов шығармашылығы мәдениеттің өзара әрекеттестігі аспектісінде» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конферецияда айтылды.
«Өнер қайраткерлерінің мұрасын насихаттау елімізде әлі кемшін түсіп жатыр. Атаусыз жатқан өнерпаздарымыз көп. Мысалы Сейфолла Телқарев деген актер болды. Театрда, кинода ойнаған рөлдерін қарасаңыз қазақтың күлкілі рөлдерінің хас шебері. Қайтыс болғанына 30 жылдан асты, атаусыз кетті. Опера өнерінде Әнуарбек Үмбетбаев деген халық әртісі болды. Ол кісі туралы да ешкім жақ ашпайды. Сол сияқты қазақ сахнасының пионері болған Қапан Бадыровты та іздеп жатқан ешкім жоқ», - дейді мәдениеттанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әшірбек Сығай. Оның айтуынша, шығармашылық иелерінің есімін ұлықтап, еңбектерін жастарға насихаттау үшін «Мәдени мұра туралы» арнайы заң керек. Қазір үлкен қызметтегі ұл-қызы мен туған-туысқаны бар өнер қайраткерлерінің ғана мерейтойлары атап өтіліп жатыр. Есімдері мерейтой кезінде ғана аталып, қалған уақытта ұмыт қалатын өнер саңлақтары көп. Қазір мәдени мұраны жасаушы тұлғалардың емес, өзінің не әйелінің әкесінін атын көшеге беріп, масқара болып жатқан әкімсымақтар да кездесуде. Тіпті Алматының іргесіндегі ауылдардың бірінде Әсет Бейсеуовтің есімі берілген көшеге әкімқараның бірі өз әкесінің атын беріп, ол зиялы қауым өкілдерінің қарсылығынан кейін ғана қайта бекітілді.