«Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы басты және маңызды құжат болып табылады - Мәдениет министрі

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңінде жинақталған мол мұраны ел азаматтарының игілігіне айналдыру көзделіп отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен алқа мәжілісінде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәдениет саласында Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы басты және маңызды құжат болып табылады. Дағдарысқа қарамастан, ол толық көлемде жүзеге асырылып, үлкен қызығушылық тудырды», деді министр.

М. Құл-Мұхаммед Елбасының тікелей эфир желісі барысында министрлік қызметінің салаларына қатысты келіп түскен 1500 сұрақтың әрбір бесіншісі осы «Мәдени мұраға» байланысты екенін айта келе, «Мұның барлығы халықтың атынан үлкен қызығушылық тудырып отырған бағдарлама екенін дәлелдесе керек. Біз бағдарламаның 2009 жылы екінші кезеңін жүзеге асыруға кірістік», деді министр.

Оның айтуынша, бағдарламаның бірінші кезеңінде «Мәдени мұраны» жинақтау, жүйелеу жүзеге асырылса, екінші кезеңінде сол мол мұраны елдің игілігіне, яғни, ата тарихына қызығушылық танытқан әрбір Қазақстан азаматының игілігіне айналдыру көзделіп отыр. «Сондықтан бұл кезеңнің маңыздылығы біз үшін ерекше болмақ», деді М. Құл-Мұхаммед.