«Мәдени мұра» жобасы аясында жұмыс істеп жүрген жас мамандардың жалақысын көтеру қажет - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтановтың пікірінше, «Мәдени мұра» жобасы аясында жұмыс істеп жүрген жас мамандарды тұрақтандыру үшін олардың жалақысын көтеру қажет.

Сенатор бұл ойын бүгін Астанада өткен 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ. Сұлтановтың айтуынша, аталмыш бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы жобаның төңірегіне көптеген жас мамандар топтастырылды. Оларды жоғалтып алмай, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға ынталандыру қажет. Ол үшін еңбекақы мәселесін шешкен жөн. Бұл өз кезегінде жоба аясында жұмыс істегісі келетін жастардың қарасын көбейтуге септігін тигізеді. «Бағдарлама шеңберінде қазақтың тарихында жасалмаған жұмыстар атқарылды. Бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде мәдениетімізді, тарихымызды көрсететін талай-талай дүниелер жарық көрді. Бұл жұмысты жалғастыруымыз керек», деді сенатор.