Кинематография саласында
Биылғы мәдеиет саласындағы оқиғалар тізбегін атақты актер, қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналған шаралар ашып берді. «Қазақфильм» киностудиясы осы атаулы оқиғаға орай көптеген шаралар ұйымдастырды. Кино шеберінің фильмдері реставрацияланып, сандық жүйеге түсірілді. Ш.Айманов туралы кітаптар, эсселер мен монографиялар, фотоальбомдар басылып шықты. Сонымен қатар, режиссер Болат Нүсіпбеков қазақтың ардақты ұлының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм түсірді. Қыркүйек айында аты аңызға айналған кинорежиссердің 100 жылдық мерейтойына арналып өткізілген Х мерейтойлық "Еуразия" Халықаралық кинофестивалі аясында оның фильмдері көрсетіліп, Ш.Айманов атындағы Қазақ киносының музейі ашылды.
Опера өнерінде
Ақпан айында Мария Мудряк есімді жерлесіміз Италияның Комо қаласында өткен беделді халықаралық AsLiCo конкурсында топ жарды. Италияның «Corriere di Сomo» газеті мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары қазақстандық опера әншісін аталған конкурстың "Бойтұмары" деп атап, үлкен құрмет көрсетті.
Биыл «Астана Опера» театрының ұжымы тұңғыш рет әлемдік турнеге аттанды. Елордалық әртістер сапар барысында әлемдік деңгейдегі Карнеги-холл (Нью-Йорк, АҚШ), Sony Centre for the Performing Arts (Торонто, Канада), Бастилия операсы (Париж, Франция), сондай-ақ, Антверпен (Бельгия) және Роттердам (Нидерланды) сахналарында өнер көрсетті.
«Астана Опера» театрының әншісі Салтанат Ахметова «Үлкен опера» жобасында бірінші орынды иеленді. Конкурстың финалы П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында қараша айында өткен болатын. Көрермендердің СМС дауыс беруі кезінде С. Ахметов 47% дауыс жинады. Ресейлік Василиса Бержанская екінші орынға, Беларустық Илья Сильчуков үшінші орынға тұрақтады.
Жас таланттар
Биылғы 30 сәуір мен 5 мамыр аралығында Қытайда өткен "Көктемгі дауыс" халықаралық вокал конкурсында 13 жасар Айым Сәмекеева Гран-при жүлдесін ұтып алды.
Ал он жасар астаналық Мұхаммедәли Жүгінісов Грекияда өткен халықаралық «Paradise Holiday-2014» жас таланттар конкурсында тағы да Гран-при жүлдесін қанжығасына байлады. Жаз соңында Артекте М. Жүгінісов халықаралық "Балалар жаңа толқынында" жүлделі үшінші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ, Мәскеуде өткен балалардың өнер форумы мен VI халықаралық "Өнер ғаламшары" («Planet of arts») атты фестиваль-конкурсы аясында Семей қалалық №2 музыка мектебінің тәрбиеленушілері Назерке Төлеубекова мен Расул Серікжан облыстық мамандандырылған балет мектебінің хореографиялық ансамблімен бірге "Классикалық хореография" аталымы бойынша Гран при жеңіп алды. Олар сонымен қатар, "Ұлттық би" номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломды да еншіледі.
Бұған қоса, 14 жастағы Семей тұрғыны Ванесса Безродная 11-19 маусымда Лос-Анджелес қаласында өткен «World championship of performing arts» халықаралық өнер чемпионатында поп және рок-вокал номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Шоу-бизнес
Жылқы жылы қазақстандық шоу-бизнес өкілдеріне де жемісті болды. Шілде айында өткен «Витебск-2014» XXIII халықаралық эстрадалық ән орындаушылары конкурсында әнші Мархаба Сәбиева 3-орынға тұрақтады. Ал Жанар Дұғалова қараша айында «Turkvizyon-2014» халықаралық конкурсының жеңімпазы атанды. Тағы бір қазақстандық әнші Анатолий Цой ТМД елдерінде танымал болып тұрған «Хочу к Меладзе-2» сериалити шоуында конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша « M-Band» тобына мүшелікке қабылданды.