Мәдениет елді танытады ? дирижер Алан Бөрібаев
14:33, 10 Маусым 2009
АЛМАТЫ. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Мен концертке ұйықтау үшін келетін адамдарды оятып, сілкіндіргім келеді. Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне жас болса да танымал дирижер Алан Бөрібаев айтты.
-Алан, Сізді Ирландияның теледидары және радиосының Ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижерлігіне шақырды. Сіз үшін мұның әсері қандай болды, бұл жоғары мақсатқа қол жеткізудің жаңа бір кезеңі болды ма, әлде...? Таяу араға белгілеген жоспарыңыз қандай?- Бұл шақыру ? менің өмірімдегі маңызды кезең болды, бірақ еуропалық екі оркестрде жұмыс істеп жүрген мен үшін бұл күтпеген ұсыныс еді, мен Швецияның «Норрчопинг» симфониялық оркестрі мен Голландияның «Брабантс» симфониялық оркестрінде қызмет атқарамын. Бір жылдың сегіз аптасында Швецияда, тоғыз апта Голландияда боламын, оның үстіне гастрольдік сапарлар бар, көптеген әкімшілік және ұйымдастыру жұмыстары тағы бар. Бас дирижер ретінде мен әртістердің репертуары қандай болуы керектігін шешемін, музыканттарды тыңдаймын. Бұл өте көп уақытты алады.Ұсыныс өте құнды, бұл дегеніңіз осыдан 200 жыл бұрын ұлы Гендельдің өзі дирижерлік еткен Ирландияның бас оркестрі ғой. Оркестрдің мұражайында Гендельдің «Мессия» ораториясын алғаш орындауында пайдаланған орындығы мен пюпитрі сақтаулы тұр. Осынау атақты оркестрге дирижерлік ету мен үшін үлкен дәреже. Қанша дегенмен, күмән да болды. Менің агентім шұғыл түрде Дублинге барып, онда келіссөздер жүргізді: алғашқы екі жылда мен оларға жиі-жиі бармайтын болып шешім қабылданды. Мәселен, осы маусымда бір рет қана боламын, ал 2010 жылғы қыркүйектен бастап бір маусымда алты аптадай уақыт боламын. 2011-2012 жылдары айналымды азайтамын деп ойлаймын. Менің агентім маған мынадай нәрсе айтты: «Алан, сен қызықсың, өйткені сенде барлығы керісінше өріс алып отырады. Шығарма адамдары тегінде өршіл болып келмей ме, олар бәріне бір мезетте қол жеткізгілері келеді, былайша айтқанда, олардың өрлігі алда жүреді. Ал сенде ше - өсу баспалдағы сені алға қарай сүйрелейді, ал сен болсаң бұл үрдісті кейін қарай тартасың, барлық мәселені ойланып шешкің келеді». Мен тәжірибеден жақсы білемін, әлемде көптеген жас музыканттар өз мансаптарын тез бастағанымен, тоқырауға ұшырап жатады. Біздің кәсіпте қайда бара жатқаныңды білуің өте маңызды және кез-келген уақытта шарықтауға да, төмен қарай құлдилауға да дайын болуың керек. Елдің ұлттық, оның үстіне тарихы мен мәдениеті өте бай оркестрінің бас дирижері туралы ұсыныстың үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Дүниежүзі таныған оркестрмен жұмыс жасау маған оңай болмасын білсем де, мен өз келісімімді бердім, өйткені мен өз мысалыммен өсіп келе жатқан қазақстандық жас музыканттарға өркендеп, гүлденіп келе жатқан еліміздің таланттарға бай екендігін көрсету болды. Сонымен қатар әлемдік сахнаға жол тартқан келесі қазақстандық музыканттарды менің өлшеміммен қабылдайды. Менің өмірімнің жаңа кезеңі басталғанына қарамастан және мен бар болғаны әзірге 30 жаста болсам да, алдағы 5-7 жылдан кейін Ирландиядан кейін қалай болады екен деп ойлаймын. Ирландия да мен үшін Швеция және Голландия сияқты шығармашылық зертханаға айналар, тәжірибелер жасауға көптеген туындыларды жаңа қырынан қайта жасауға болады деп ойлаймын.Ирландияның теледидары мен радиосының Ұлттық симфониялық оркестрі ? бұл өзінің хоры бар өте үлкен құрылым, демек ? мұнда қосымша мүмкіндіктер аз болмайды, айталық, өте керемет ораториялар жасаудың мүмкіндігі болады. Сосын, әрине, келісім беруіме себеп болған тағы бір жайт: маған Дублин өте ұнады. Бұл тамаша мәдени және тарихи орталық. Ирландия әлемге ұлы тұлғаларды берді. Жұрттың бәрі данышпан Оскар Уайльд, Бернард Шоу, Джонатан Свифт ағылшын жазушылары деп ойлайды, олар және басқа да көптеген танымал тұлғалалар - ирландықтар. - Сіз дирижерлікті қашан және қалай бастадыңыз, Сіздің өнердегі алғашқы «өкіл әкеңіз» кім болды?- Мен өзімнің дирижерлік мансабымды байқауларға қатысудан бастадым. 1999 жылы, бар болғаны 20 жасымда Еуропадағы үш байқаудың жеңімпазы атандым, сол жылы Венадағы музыка және сахналық өнер университетінің бірінші курсына түстім. Содан кейін Италия мен Данияда тағы да екі байқау болды. Сол жерде мен өзімнің қазіргі агентіммен кездестім, сол сәттен бастам менің танымалдығым арта түсті. Маған Юрий Темірканов та өте үлкен көмек көрсетті. Мен оның ассистенті болдым, ол маған шығармашылық сілкініс берді деп айта аламын және менің музыкадағы көзқарасымды басқа кеңістікке көтерді. Біздің алғашқы кездесуіміз әлі есімде ? мен «Малько» байқауында Брамстың 4-ші симфониясының финалына дирижерлік еттім және жеңімпаз атандым, алайда байқаудан кейінгі банкетте біз Юрий Теміркановпен бір үстел басында отырған едік, ол бар болғаны екі сағат ішінде менің бұл симфонияға деген көзқарасымды «быт-шыт» етті. Ол маған басқа жолдарды көрсетті, мен оның дұрыс екендігін түсіндім. Мұны менің санамдағы орын алған революциялық төңкеріс десе де болғандай еді. Үлкен музыканттың жанында жүріп, оның өзін-өзі ұстау әдетін, оның негізгі ұстаным-көзқарастарын қабылдамау мүмкін емес. Бүгінде мен көп нәрсеге басқаша көзқараспен қараймын.- Көптеген қазақстандық музыканттарды әлемдік қоғамдастық танып отыр. Сіз жас буын музыканттар арасындағы келешегі мол дирижер ретінде Еуропаға кеңінен танымалсыз. Сізге туған мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттаудың мүмкіндіктері жеткілікті ме? Шетел оны қалай қабылдайды? Қазақ композиторларынан кімдердің шығармаларын орындайсыз?- Біздегі музыкада өте қызықты этнос қалыптасқан, ал біздер осы құндылықтарымызды сақтай алдық. Қазақ музыкасының өзіндік бірегей ерекшелігі бар деп айтуға болады. Еуропалықтар үшін біздің музыка ? экзотика. Біздің музыкамызда барлығы да: шығыс та, еуропалық ырғақ та, тіпті қытайлық пентатоника да бар. Айталық, пентатоника кельттік және ирландтық әуендерге жақын, бізде осының барлығы джаздық ноталарда көрініс беріп жатады. Біздің музыкамыз өте бай. Біздің композиторларымыздың материалдары еуропалықтар тарапынан үлкен қызығушылықтар тудырады. Біздер ұлттық саздарды ойнағанда олар музыканттардан ұмытылмас әуен күтеді.Содан кейінгі, маған Еуропада ұнайтыны, олар өзгенің еңбегін бағалай біледі, ал музыканттың еңбегі ерекше. Ол жақта ? бұл дегеніңіз өте беделді мамандық саналады. Ал біздегі жағдай өзгешелеу, сонау 90-шы жылдардан бастап музыка мамандығы табыс әкелмейтін, беделсіз мамандықтар қатарына жатқызылды.Мен, әрине, қазақ композиторларының шығармаларын ойнаймын. Мен Жұбановтар әулетіне жатамын ғой, сондықтан да есімі танымал аталарымның дүниелерін ойнауға, оларды ұмыт қалдырмауға тырысамын. Мәселен, 2007 жылы ақпанда Швецияда Ғазиза Жұбанованың фортепьяноға арналған солтүстік премьерасын қойдық. Оны тамаша пианист Фредди Кемпф ойнады, оның ойнау шеберлігінің жоғарылығы соншалық, тыңдармандар тарапынан ұмытылмастай үлкен алғысқа ие болды. Содан кейін Майнингенде (Германия) мен өз келісім-шартымды аяқтап жатқанда кезде де үлкен жетістікке қол жеткіздік. Соңғы концертімізді Ахмет Жұбановтың «Симфониялық билерімен» аштық және осындай жоғары деңгейде жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын Бетховеннің 9-шы симфониясын орындадық. Бәрі де керемет болды: екі түрлі шығарма бір тыныспен қабылданды.Астана филармониялық оркестрімен Германияға сапар алдында мен былай дедім: Бетховенді де, Чайковскийді де және Рахманиновты да осы жолы біздер алып бармай-ақ қоялық. Бұл үшін ресейдің, немістердің өз дәстүріне танылған оркестрлері бар, орындаушылары бар. Біз одан да өз музыкамызды ойнайық. Біздің оркестріміз тұңғыш рет Батыста тек қана қазақ композиторларын ойнады: Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Тілес Қажығалиев, Әділ Бестібаев және басқалар. Осындай акциялар арқасында әлем біздің елімізді жақынырақ танитын болады. Қазір маған Тілес Қажығалиевтің музыкасы өте ұнайды. Біз шведтік әріптесім екеуміз «Дала аңызы» балетінен сюита премьерасын орындауды жоспарлап отырмыз. - Қазақстандық классикалық дүниелерді әлемдік сахнаға алып шығу үшін не істелуі керек?- Жақсы қаржылай қолдау және еуропалық елдермен тығыз өзара қатынас орнату қажет. Музыка әлемінің өкілдері бірін-бірі жүзінен танулары тиіс. Көп жұмыстар атқару керек, сондай-ақ, батыстың дарынды музыканттарымен бірлесе өнер көрсету үшін оларды тарта білуіміз қажет. Кей жағдайда Қазақстан мен Батыс жұртшылығы арасындағы айырмашылық көзге көрініп тұрады. Концертке бара білу керек. Мұның өзі ? тұтас мәдениет. Өкінішке орай, қазіргі уақытта көптеген қазақстандықтар мұндай концерттерге мақтаныш үшін ғана барады.Батыста концертке келушілер шығарманың қалай орындалатынын алдын ала біліп отырады. Олар маусымның таспаға түсірілген жазбаларын сатып алады, олардың орындалу мәнерлерін салыстырады, содан кейін концертке келеді. Бұл, міне концертке келудің қалыптасқан дәстүрі, концертке келе білу керек. Біздің көрермен әзірге мұндай деңгейге жете қойған жоқ. Бірақ, сеземін, жұршылық бұған дайын. Біз өз тыңдармандарымызды тәрбиелей алуымыз қажет, олар сонда ғана жоғары өнерді бағалай алатын болады.- Сіз Еуропада көп концерттер беріп жүрсіз, ал өз Отаныңда концерт беру қашанда толғанысқа толы болса керек. Сіз елдегі өзгерістерді байқайсыз ба, біздің жас астанамыздың өркендеу қалай?- Мен туған Отанымда көп концерт бере алмасам да, елге қарай асығып тұрамын. Өйткені, бұл менің, менің туыстарым мен жақындарымның жері, бұл менің рухани сусындайтын, тамырынан нәр жинайтын жерім деп бағалаймын. Мен осында келген сайын Астананың гүлденіп келе жатқанының куәсі боламын. Осыдан бес жыл бұрынғы, менің Астана филармониясы Мемлекеттік симфониялық оркестріне бас дирижер болып келген кездермен салыстыруға келмейді. Біздің бас қаламыз адам таңғаларлықтай еуразия кеңістігіндегі ең әдемі қалалардың біріне айналып келеді. Қазақстан әлемдік аренада танымал бола түсуде.Музыка мәдениетін дамытуға үлкен көңіл бөлу керек. Біз алдыңғы қатардағы мемлекет болуға ұмтылып жатырмыз ғой, демек өнерді, соның ішінде музыканы дамыту керек, өйткені, елді оның мәдениеті ғана көркейте алады. Барлық табиғи және техникалық ресурстар, менің пікірімше ең басты саналмайды, ал мәдениет пен рухани байлық ? бұл мәңгілік көрсеткіштер. Мұндағы жетістіктер ел тарихына алтын әріптермен жазылып қалады, сондықтан да біздерге спортшылар, әртістер, музыканттар керек.- Сіз ерекше дарындысыз деген мадақтауды жиі еститін боларсыз, Сіз қалай ойлайсыз, мұның құпиясы неде? Сіз танымал музыканттар отбасынан шықтыңыз, сондықтан да бұл талантты дамытуға ықпал ете ме?- Мұның құпиясы, менің өз ісімді шексіз сүйетіндігімнен болар. Жылдың кез келген уақытында, мейлі қыс болсын, мейлі жаз болсын, мені ұстап тұратын темірқазық, ол ? музыка. Отбасы туралы қысқаша айтар болсам, менің музыкант ретінде қалыптасуыма отбасым өте зор ықпал етті.- Сіз жас музыканттарға қандай кеңес бересіз және Сіздің пікіріңізше кәсіби дирижер қандай болуы керек?- Батыста қазақстандық классикалық музыка мен оны орындаушыларға үлкен мән беріледі деп айтуға келе қоймайды, бірақ қайталап айтамын ? бұл уақытша ғана. Бұрындары музыканттар мәдениет алмасу жүйесі бойынша ғана шет елдерге гастрольге шығатын, оның өзі сирек еді. Сені есте сақтауы үшін жұртшылық алдына жиі-жиі шығып тұруыңыз керек, әр маусымда келіп өнер көрсету қажет, халықаралық байқауларға қатысу керек, оң тәжірибелер жинақталуы керек. Бұдан да басқа маңыздысы ? ерінбей жұмыс жасау қажет. Бір шығармаға қайта-қайта дайындалмау керек, керісінше өз репертуарың мен ой-өрісіңді дамыту керек.Мен бес тілде сөйлей аламын, олар ? ағылшынша, немісше, итальянша, грекше, сербхорват тілдері және таяуда француз тілін де меңгеріп алдым, мұның барлығы менің жұмысыма жақсы ықпал етеді. Тілдерді білу мен Интернетті пайдалана білу ? шын мәнінде әлем шығатын жол. Кәсіби дирижер қажетті саналатын сапаның бәрін бойына жинауы тиіс және соңғысы оның есту қабілеті, дарыны және біліктілігі өте жоғары болуы керек. Дирижер оркестрді білуі және оны қалай өрге сүйреймін деп үнемі толғаныста жүруі қажет, маған сеніңіздер, бұл ? қиын жұмыс.АНЫҚТАМА: Алан Бөрібаев ? 2010-2011 жылдары маусымда Еуропаның бірден үш музыкалық ұжымына: Шведтің «Норрчопинг» симфониялық оркестріне, қазір өзі қызмет етіп жатқан Голландияның Брабант симфониялық оркестріне және Ирландияның теледидары мен радиосы Ұлттық симфониялық оркестріне жетекшілік ететін қазақстандық тұңғыш музыкант. Венадағы музыка және сахналық өнер университетінің магистрі, бұл әлемдегі ең көне және өте беделді музыкалық оқу орыны саналады, (мұндайлар әлемде санаулы ғана ? Лондон корольдік музыка академиясы, Париж консерваториясы бұл оқу орындарына түсуге әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар ағылып келеді, бір орынға ? 100 адам).
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мәдениеттану магистрі. Загребте (1999 ж.), Копенгагенде (2000 ж.), Трентода, Италия (2001 ж.) өткен дирижерлердің халықаралық байқауларының жеңімпазы.Ол ? танымал музыканттар отбасынан шыққан, қазақтың атақты композиторы, академик Ахмет Жұбановтың шөбересі, Қазақстандық танымал мәдениет қайраткері Асқар Бөрібаевтың ұлы.