Мәдениет қайраткерлері барлық қазақстандықтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның мәдениет қайраткерлері барлық қазақстандықтарды сайлауда дауыс беруге шақыруда. Бүгін елордадағы «Астана Опера» театрында өткен жиында бір топ мәдениет қайраткерлері президенттік сайлауға қатысты мәлімдеме жасады.

«Астана Опера» Опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев, мәлімдемеде атап көрсеткеніндей, алдағы президенттік сайлау - Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерге және әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарсы жауап ретінде қолға алынып отырған маңызды қадам.

«Біз, мәдениет өкілдері, осынау тарихи сәттің мәнін, қазіргі заманның талаптары мен қауіп-қатерлерін назарға ала отырып, барлық қазақстандықтарды 26 сәуір күні өтетін кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға қатысуға шақырамыз. Кезектен тыс президенттік сайлау жаһандық, геосаяси және экономикалық оқиғаларға жауап ретінде өткізілгелі отыр. Бүгін біздің мемлекет халықаралық қатынастардың эпицентрінде орналасқан. Қазақстанның бейбітшілік және келісім моделі БҰҰ-ның қабырғасында, сонымен қатар өзге де әлемнің бірқатар елдерінде талқылануда. Толеранттылық пен бірлік - біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне, жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеясының басты құндылығына айналды. Еліміздің ең маңызды даму кезеңінде әрбір азамат президенттік сайлау науқанында өз дауыстарын берулері тиіс деп есептейміз», - деді Төлеубек Әлпиев.