Мәдениет комитетінің төрағасы тағайындалды

АСТАНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат. Ақпанның 15-де ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед ұжымға Мәдениет комитетінің жаңа төрағасын таныстырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл лауазымға осы Комитет төрағасының орынбасары Қозыбаев Ілияс Манашұлы тағайындалды.

Ілияс Манашұлы Қозыбаев, 1957 жылы туған, қазақ. 1980 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «тарих» мамандығы бойынша бітірген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор.

1982 жылдан бастап - ғылыми және педагогикалық жұмыстар атқарды. 1992-1993 жж. - Министрлер Кабинетіне қарасты Жоғарғы аттестациялық комиссиясының бөлім бастығы. 1997-2009 жж. ҚР СІМ жүйесінде: министрліктің орталық аппаратында бөлім мен басқарма басшысы, ҚР-ның Түрік Республикасындағы, Беларусь Республикасындағы, Венгер Республикасындағы, Ресей Федерациясындағы елшіліктерінде жұмыс істеді. 2000-2001 жж. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Архивтерді және құжаттарды ұйымдастыру комитетінің төраға орынбасары, 2006 - 2007 жж. ҚР Президенті жанындағы Қазақ стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып істеді. Жүзден аса еңбектері жарияланған.

2009 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төраға орынбасары болып тағайындалды.