Мәдениет министрі «Астана Опера» театрының ұжымына жаңа директорды таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін «Астана Опера» театрының ұжымына жаңа директоры Төлеубек Әлпиевті таныстырды, деп хабарлады аталған өнер ордасының баспасөз қызметі.

Министр Мемлекет басшысының атынан «Астана Опера» театрының бірінші директоры Төлеген Мұхамеджановқа «Астана Опера» театрының әлемге аты шығуына себепші болған жемісті жұмысына және үздіксіз атқарған еңбегі мен талантына алғыс білдірді.

Өз кезегінде Төлеген Мұхамеджанов: «Маған үлкен сенім артып, осы театрдың жұмысын бастауында қызмет етуіме мүмкіндік берген еліміздің президентіне ризашылығымды білдіремін және менің шығармашылықпен айналыссам деген ұсынысымды қабылдағанына алғысымды айтамын. Біз барлығымыз ол кісіге осындай маржанды - «Астана Опера» театрын елімізге сыйлағаны үшін ризашылығымызды білдіруіміз керек».

Театрдың жаңа басшысы Төлеубек Әлпиевті таныстыру барысында министр театр басшылығының бірізділігіне сенім арта отырып, өнер ұжымына үлкен жетістік пен жаңа белестерді бағындыруды тіледі.

- Мемлекет басшысы айтқандай, «біз әлемдік мәдениеттің құндылығымен тығыз байланыста әрі үндес болатын жаңа дәуірдегі алдыңғы қатарлы қазақ мәдениетін қалыптастыруға міндеттіміз», - деп атап өтті министр.

«Біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұр - «Аида» күрделі спектаклі, одан кейін «Қарагөз» және «Шерткіш» балеттерінің тұсаукесері. Алдағы жыл да өте маңызды болады. Біздің мәдениет пен өнерде қол жеткізген жетістіктеріміз зор, осы орайда біздің өнеріміз мәдени үдерістің бір бөлігіне айналуы тиіс», - деді өз ұжымының алдында сөз сөйлеген Төлеубек Әлпиев.