Мәдениет министрлігі ағымдағы жылы БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыс үшін фильмдерге 160 млн. теңге жұмсайды

Фото: None
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі консалтингтік зерттеу жүргізгеннен кейін медианарықтың шынайы құнын айқындады. Коммерциялық нарықтағы қазіргі ахуалды ескере отырып, мемлекеттік тапсырыстың 1 минутының құны ендігі уақытта шамамен 50 мың теңгені құрайтын болады.

Ал мемлекеттік БАҚ-тар үшін тариф 25 есеге ұлғаяды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қальянбеков мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

2013 жылдан бастап бағдарламалар бойынша телеарналармен есеп айырысу минутына жүргізіледі. Ал бұған дейін сағатына есептелініп келген еді. Айта кетерлігі, республикалық телеарналар үшін мемлекеттік тапсырыс бағасы бұған дейін 1 сағатына 120 мың теңгені құрады. Соның салдарынан оған телеарналар қызығушылық танытпаған болатын.

Бұған қоса, бұрындары министрлік тарапынан телеарналарға жалпы сипаттағы мәселен, медицинаны, білім беруді дамыту, тіл саясатын жүзеге асыру сынды өнімдерге тапсырыс беріліп келген-ді. Жаңа тарифтің енгізілуіне орай министрлік мемлекеттік емес БАҚ-тарға нақты жобалар форматындағы саяси емес контенттерге тапсырыс беретін болады.

«Бұл балаларға арналған, танымдық, әскери-патриоттық, мәдени бағдарламалар, арнайы ток-шоулар, репортаждық материалдар болады. Бұл телеарналардың өз рейтингтерін арттыруға ынталана түсуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырыстың басты міндеті - қазақстандық көрерменге жақсы, сапалы өнім беру. Бұл ретте басты талаптардың бірі жобаның жоғары рейтингі болмақ. Рейтинг болса, онда көрермен көреді деген сөз. Ал рейтинг болмаса - төлем төмендетіледі», - деді Б.Қальянбеков.

Бұдан бөлек алдағы уақытта деректілік деңгейін көтеру мәселесіне ерекше назар аударылады. Министрлікпен деректі фильмдер өндірісі үшін 1 минуттық базалық құнды минутына 50-ден 180 мың теңгеге дейін ұлғайту мәселесі қаралды. Норматив 3,5 еседен астамға ұлғайтылды.

«Бұл бір 30 минуттық деректі филмьді өндіру үшін шамамен 5,4 млн. теңге бөлуге мүмкіндік береді. бұл көлемдер осындай өнімдерді өндіруді қаржылдандыру бойынша жалпы әлемдік стандартқа сай келеді. Сараптамалық мәліметтерге сәйкес, шетелдік мамандарды тарту арқылы түсірілген бір 30 минуттық деректі фильмнің бағасы шамамен 6 млн. теңгені құрайды. Аталған мақсаттарға 2013 жылы шамамен 161 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Бұл мөлшермен 23-30 деректі фильм мен сапасы жоғары бейнеролик сериясын түсіруге мүмкіндік береді», - деді комитет төрағасы.

Оның атап өтуінше, өндірістің барлық кезеңдерінде министрлік тарабынан фильмнің сапасына бақылау жүйесі қалыптастырылатын болады. Дайын өнім барлық мүдделі құрылымдардың ақылдасуымен қабылданады. «2013 жыл жоба үшін ілкі жыл екендігін атап өткім келеді. Барлық іс-шаралар қазіргі уақытта бөлінген қаржы-қаражаты аясында жүргізілуде», - деді Б.Қальянбеков. Оның пайымынша, телеарналар тарабынан мемлекеттік-жеке әріптестік ұстанымы бойынша жобаларды теңқаржыландыру тетігінің де орын алуы мүмкін.

«Мәселен, мемлекет 60 миллион теңге беріп, басты міндет - қызықты өнім беруді жүктейді. Мүмкін ол «Саяхатшылар клубы» бағдарламасы болсын. Онда неге дәл осы бағдарламаға демеушілерді, жарнама берушілерді тартпасқа? Бұл телеарналарға жақсы жоба жасаумен қатар пайда табуына да қосымша мүмкіндік береді», - деді ол.

Бұл ретте БАҚ үшін мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік тапсырыстар туралы заңмен регламенттелген. Басымдықта барынша төмен бағалар. Конкурстық комиссия жанынан әлеуетті жеткізушінің біліктілігін бағалайтын сарапшылық комиссия құрылатын болады. Атап айтқанда, Конкурстық құжаттамаға қызметті жеткізудегі жеткізушінің концептуальды көзқарасы ашық көрсетілетін арнайы бөлім енгізіледі. Ол фильм сценарийінің жобасы, тартылатын техникалық құралдарға шолу, кадрлық әлеует болуы тиіс. Сарапшылық комиссия ақылдаса отырып, ұсынылған құжаттарды қарайды және өз ұсыныстарын шығарады.

«Менің ойымша, сарапшылық комиссия жұмысы жеткізуші деңгейін барынша арттыруға мүмкіндік беріп, «жеңіл ақша» табу үшін ғана келген әрі фильмді қалай түсіру керектігін көз алдына елестете де алмайтын жеткізушілерге қатысты мәселелерді түбегейлі шешеді», - деді Б.Қальянбеков.