Мәдениет министрлігі биылдан бастап қазақ тілінің үлкен терминологиялық сөздігін жасауға кіріседі

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мәдениет министрлігі биылдан бастап қазақ тілінің үлкен терминологиялық сөздігін жасауға кіріседі.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында баяндама жасаған ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, бұл үлкен сөздік екі жылдың көлемінде аяқталып, басылып шығады. «Бұл біздің қазақ тілінің қолданысында бар бүкіл терминдерді қамтып, әрқайсысы 130-140 баспа табақ болатын екі үлкен энциклопедиялық том форматында басылады деп күтіліп отыр. Сол үшін қолда бар терминнің бәрі осыған жинақталып, енгізіледі. Ал ондай жинақталған терминдерді Елбасының Жарлығымен, не болмаса Үкіметтің қаулысымен бекітіп, барлық ақпарат құралдарына, барлық мекемелерде бірдей қолданатын, қабылданатын терминологиялық сөздік болады», деді М. Құл-Мұхаммед.