Әлеуметтік желіде Қазақстанда мәдениет және спорт өнерпаздарына шетелде танымалдылыққа қол жеткізгеннен кейін ғана мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастайтындығы туралы көп айтылуда. Бұл уәжге қатысты ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова жауап беруге тырысты.
«Мен бұмен келіспеймін, себебі Димаш бірнеше мәрте қазақстандық байқауларда да жеңімпаз атанып жүрді. Ол үкіметтік концерттердің барлығына да қатысып келді. Бізге тіпті «басқалары қайда, біз оларды шақырып едік қой?!» деп өзге әншілердің де шақырылуын сұраған кездер болды. Біз Димашты әр кезде де жылжытып, халыққа көрсетуге тырыстық. Ол дәстүрлі эстраданың сіңіп қалған қалыбынан өзгеше әнші», - деді ол Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өткеніндей, Димаш Құдайберген Қазақ ұлттық өнер университетінде ең үздік ұстаздардың қол астында тәрбиеленіп жатыр. Өнер университетінде де, министрлікте де, кәсіпқой әншілер де Димашты әрдайым қолдап отыруға тырысты. «Солардың ақылдарымен ол «Славян базары» сынды халықаралық байқауларға қатысып, ол жерден жеңімпаз атанды. Өзіне тән еңбекқорлығы мен таланты оны үлкен жетістіктерге жетелей бермек», - деп санайды вице-министр.
«Ол Қытайға кездейсоқ бара қалған жоқ. Қазақ ұлттық өнер университеті, министрлік оны бұл байқауларға қаржылық және шығармашылық тұрғыда дайындады. Сондықтан Қазақстан брендін жылжытуда біз тыс қалмаймыз. Бұл спортшы, мәдениет, өнер, театр, музыка адамы болсын - бәрібір. Бастысы, біз талантты адамдарымызды қолдауға әзірміз», - деп түйді ойын Ақтоты Райымқұлова.