Мәдениет министрлігі: Қазақстанның латынға көшуі бойынша мемкомиссияның құрылатындығы асығыс жарияланды
Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінен мәлім етті.
«Таяуда бірқатар БАҚ Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетіне сілтеме жасап, ағымдағы жылдың күзінде латын графикасына көшу бойынша мемлекеттік комиссия құрылатындығы туралы ақпарат таратты. Бұған қоса, қазіргі уақытта комиссияны құру және қандайда бір мерзім туралы айтуға ерте. Аталған мәселе бойынша қабылданған шешім БАҚ-та ресми жарияланады. Бүгінде тек бұл міндетті шешудегі тұжырымдамалық тәсілдерді айқындау бойынша ғылыми-сарапшылық қоғамның жұмысы туралы ғана айтуға болады. Нақты айтқанда, қазақ әліпбиінің ғылыми-лингвистикалық мәселелері А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты ғалымдарымен қарастырылуда. Мәселе оңай емес, барлығы да тыңғылықты ойластырылған болуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін сарапшылар мен ғалымдар арасында әліпби бойынша бірыңғай көзқарас жоқ», - деді ҚР МАМ Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың 1 қыркүйегінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша мемлекеттік комиссияның құрылатындығы туралы 28 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Алдан Смайыл мәлім еткен болатын. «Біз Үкіметке депутаттық сауал жолдадық және біз алған жауапта мемлекеттік комиссияның 2013 жылдың 1 қыркүйегінде Президент Жарлығымен құрылатындығы айтылған», - деген еді А.Смайыл.