«2010 жылғы жарыстарда әлем чемпионы атағын жеңіп алған қазақстандық конькимен жүгіруші Алексей Бондарчук көмек көрсетуді өтінді. Қостанайда тұратын Алексейді кене шағып, кейіннен оның салдары орталық жүйке жүйесінің асқынуына әкеп соққан. Ол Мәскеуде ем ала бастағанымен еш нәтиже бермеген. Қазіргі уақытта емі Үндістаннан табылып отыр. Оған шамамен 5 млн. теңге қажет», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ведомство ақпаратына қарағанда, Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері спортшының емделуі үшін біркүндік жалақыларын аударатын болады.
Айта кетейік, Алексей 2010 жылғы жастар арасындағы әлем кубогының жеңімпазы, Азия чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері.
Бұған дейін ҚазАқпаратқа Алексейдің жұбайы Яна Бондарчук кене шаққаннан кейінгі жарты жылдан соң жас жігіттің сол қолында әлсіздік байқалғанын айтқан болатын. Бастапқыда бұған спорттық жүктемеге байланысты туындаған жайт деп назар аудармаған.
«Біраз уақыттан соң оң қолы да әлсізденіп, одан кейін ауруханаға жүгіндік», - деген еді Яна.