Мәдениет туралы заң жобасы бойынша Парламентте келісім комиссиясы құрылатын болды

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мәдениет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылады.

Ол бойынша қос палата арасында келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясы құрылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы мәдениет туралы ұлттық заңнаманы отандық кинематографияны, мұражай және кітапхана ісін қолдау және дамыту, сондай-ақ мәдени құндылықтарды қалыптастыру мен сақтау бөлігін одан әрі жетілдіру көзделеді. Заң жобасымен кинематография саласы бойынша түсініктемелік аппаратқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілген. Бұған қоса кинематография ұғымы да нақтыланып, кино сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында кинофильмдерді индексациялау жүйесі айқындалып отыр. Жобада фильмдерді 6 санат бойынша бөлу ұсынылады. Сонымен бірге, прокаттық куәліктер беру шаралары да қарастырылды. Бұдан басқа, ұлттық кино ұғымын айқындауға қатысты 4 өлшем анықталған еді, Сенат қабырғасындағы талқылау барысында бұл тағы бір өлшеммен толықты. Бұдан басқа, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары фильмге қатысты прокаттық куәлікті кері қайтармай-ақ беру тәртібін ескертуді ұсынып отыр. Бірқатар өзгерістер нақтылау және редакциялық сипатта болып табылады.