Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Санкт-Петербургте отандастарымызбен кездесті

Фото: Нарымбек Ысмағұлов / Kazinform

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Санкт-Петербургқа жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында қазақстандықтармен және қаланың шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Kazinform.

Ведомство басшысы Санкт-Петербургтың шығармашылық интеллигенциясына айналған отандастарымызбен жеке танысып, олармен ынтымақтастықтың келешегі бар бірлескен бағыттары мен жобаларды талқылады.

Сонымен қатар министр бүкіл әлемге есімі танымал опера әншісі Әлия Кикенованы «Шапағат» медалімен марапаттады. Марапаттау туралы Жарлыққа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын және ол еліміздің Республика күніне арналған еді. Әлия Кикеноваға мемлекеттік награда еліміздің тәуелсіздігін дамытуға және нығайтуға қосқан зор үлесі үшін табысталды.

Фото: Нарымбек Ысмағұлов / Kazinform

«Менің шығармашылығым мен қоғамдық қызметімді жоғары бағалап, назар аударғаны үшін Қазақстанға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мен бұл істі үлкен ынтамен жалғастырып, елімізге қалтқысыз қызмет ететін боламын», - деді Әлия Кикенова.

Шығармашылық интеллигенция өкілдеріне жүгінген ведомство басшысы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан мәдениетін, оның ішінде әдебиет, музыка, көркем өнер мен кинематографияны таныту үшін үлкен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 2024 жылы Қазақстанның шетелдік алаңдардағы Мәдени күндерін, көрмелер, концерттер, шеберлік кластарын өткізу жоспарланып отыр.

«Біз үшін тәжірибенің алмасқаны маңызды. Жазушылар, суретшілер мен әртістер бір-бірімен араласып, мығым қарым-қатынас қалыптастыруы қажет. Интеграция осындай адами өзара қарым-қатынас есебінен тереңдеуі тиіс. Бұл өз жұмысыңды көрсету үшін де жақсы мүмкіндік», - деп атап өтті Аида Балаева.

Министр Ресейде тұрақты тұратын отандастарымыздың Қазақстан қалалары сахналары мен көрме алаңдарында өнер көрсету мүмкіндігін алуына, қазақстандық аудиторияны шығармашылықтарымен таныстыруға көмек беруге дайын екендігін баса айтты.

Фото: Нарымбек Ысмағұлов / Kazinform

Кездесуге өмірі мен шығармашылығы Қазақстанмен байланысты қазақстандық және ресейлік мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты: Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі Латиф Қазбеков, Мариин театрының жетекші солисі Август Амонов, мүсінші, «Эрарта премия» халықаралық конкрсының жеңімпазы Темірлан Телешов, Мариин театры оркестірінің солисі Ақан Мейірбеков, Ресей Суретшілер одағының мүшесі, Санкт-Петербург өнеркәсіптік технология және дизайн университетінің доценті Сәбит Нұрымов қатысты.

Бүгін Мәдениет министрі IX Мәдениет форумына қатысады. Онда 70-тен астам елдің өкілдері мәдениет пен өнер саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқыға салатын болады.