Мәдениет және ақпарат министрі әріптестерін Үкімет отырысында мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырды

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік тілді жетік білетін әріптестерін Үкімет отырысында қазақша сөйлеуге шақырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Елбасы бәріміздің алдымызға мемлекеттік тілді дамыту жөнінде тапсырма қойып отыр. Премьер-Министрдің өзі бастап, үлгі көрсетіп Үкімет отырысын қазақ тілінде жүргізіп келеді. Бақыт Тұрлыханұлы, Сіз қазақша мүдірмей өте жақсы сөйлейсіз. Бүгін ескі әдетке қайта көшіп кетіп, баяндамаңыздың басын қазақша, ортасын орысша, аяғын қазақша оқып шықтыңыз. Менің тілегім, қазақша жақсы білетін мүмкіндігіңізді алдағы уақытта да көбірек пайдалансаңыз дұрыс болар еді», - деді бүгін Үкімет отырысында М. Құл-Мұхаммед Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановқа қаратып айтқан сөзінде.Өз кезегінде Б. Сұлтанов Үкіметтің бүгінгі отырысында талқыланған еліміз өңірлеріндегі инвестициялық жобалардың өндіріс қуатын ұтымды орналастыру картасын әзірлеу жөніндегі мәселе маңызды болғандықтан бәріне нақты әрі түсінікті болу үшін баяндамасын ресми тілде жасағанын айтты.