Мәдениет және ақпарат министрі елдің шығармашыл одақтары басшыларымен кездесті

АЛМАТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Бұл кездесудің мақсаты - ортақ қызметтің одан әрі форматын пысықтау және пікір алысу болды. Бұл туралы бүгін Алматыда елдің шығармашыл одақтары басшыларымен кездесуде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі  Дархан Мыңбай мәлім етті.

Кездесу барысында ҚР-нің мәдениет саясатын жүзеге асыру үдерісінде мәдениет және ақпарат министрлігі мен шығармашыл одақтардың бірлескен жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі бірлескен қызметтің келешегі талқыланды. Шығармашылық одақтарды патриоттық тәрбие жұмыстарын дамытуға, қазақстандықтарды рухани және мәдени тәрбиелеу саласын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді тарту бастамалары көтерілді.

«Шығармашыл одақтар көптеген қызметкерлерді, талантты адамдарды біріктіреді және оларды бастауында әрқашан да шығармашыл тұлғалар тұрады. Бүгінгі үстелдің басына жиналғандардың айналасына шығармашылық элита бірігуі тиіс, олардан халық жаңа туындылар күтеді», - деді министр.

Шығармашыл одақтардың басшылары министрлік тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп, шығармашыл зиялы қауыммен ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыс болып отырғанын атап өте отырып, ведомство басшысының бастамаларын қолдады және оны жүзеге асыруға белсене қатысуға әзір екендіктерін білдірді.

Шараға Қазақстандағы музыка және театр қайраткерлерінің, жазушылар мен ақындардың, композиторлардың, кинематографистердің, суретшілердің, дизайнерлердің, хореографтар мен сәулетшілердің басын қосып отырған     ірі тоғыз шығармашыл бірлестіктердің басшылары - қазақстандық мәдениеттің белгілі қайраткерлері  Ермек Серкебаев, Нұрлан Оразалин, Тұңғышбай Жаманқұлов, Балнұр Қыдырбек, Игорь Вовнянко, Байтұрсын Өмірбеков, Тимур Сүлейменов, Дүйсенбек Нақыпов, Ақмырза Рүстембеков қатысты.