Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана, Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері тарихи ескерткіштерді қорғауда жүйелі шаралар қабылдауы қажет - М.Тәжин

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана, Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері тарихи ескерткіштерді қорғауда жүйелі шаралар қабылдауы қажет. Бүгін Ақордада өткен ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай деді.

«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана мен Алматы қалаларының және облыстардың әкімдіктері тарихи ескерткіштерді әрі ғалымдардың археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетін орындарын қорғау және жаңа материалдарды мұражайландыру бойынша жүйелі шараларды қабылауы қажет», - деді ол. Сонымен қатар М.Тәжин ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының төртінші отырысында бұл жұмыстардың өңірлердегі атқарылу мәселелерін қарау қажеттігін баса айтты.