Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық әлеуметтік-мәдени өнімдерді жаңғырту жоспарын әзірлеуде

АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін отандық әлеуметтік-мәдени өнімдерді жаңғырту  жөніндегі салалық жоспар әзірленіп, қабылданады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы  жылдың 1 қыркүйегіне дейін министрлік  еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық сезімдерге оң көзқарас қалыптастыратын  отандық әлеуметтік-мәдени өнімдерді  жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп, қабылдайды», - деді ол.

Оның  атап өтуінше, Қазақ ұлттық электронды кітапхана қорын кеңейту жұмыстары жүргізіліп, мамандандырылған спорттық телеарна құру туралы ұсыныс енгізілетіндігін баса айтты.

Сонымен бірге Д.Мыңбайдың айтуынша, биылғы жылдың қарашасына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі  журналистердің қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, журналистік әдеп кодексін әзірлеп, қабылдайды.