Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2009 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың таныстырылымы болды

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2009 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың таныстырылымы болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2003 жылдан бастап әр жыл сайын министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тапсырыс аясында әлеуметтік маңызы зор бағдарламаларды іске асыру жөнінде конкурс жариялайды. Елбасы бұл тапсырыстың қаржыландыру көлемін 1 миллиард теңгеге жеткізуге тапсырма берді. Атап айтсақ, 2008 жылы осы мақсат орындалды. Биылғы жылы республикалық бюджеттен тек Мәдениет және ақпарат министрлігі бойынша 917 миллион теңге бөлінді. Әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан, бюджеттен үкіметтік емес секторды қолдауға бағытталған қаржы қысқартылған жоқ», деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева. Конкурстық үдерістерге енгізілген өзгерістерге тоқталған жауапты хатшы, ондағы лоттар теңдестірілгенін, сондай-ақ оның негізіне Елбасының Жолдауындағы басымдықтар мен қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар ескерілгенін айтып өтті. Оның айтуынша, лоттар мен бюджеттің 30 пайызы қоғамды біріктіру, халықты ынтымаққа шақыратын жобаларды қолдауға бағытталған.