Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар 226 жобаны жүзеге асырып келеді

АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар 226 жобаны жүзеге асырып келеді. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісі барысында министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда IV Азаматтық форумды өткізуге дайындық жұмыстары толық аяқталды. Қарашаның 26-сында осы форумды елордада өткізу жоспарлануда. Жалпы, елдегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі жоғары. Бұндай белсенділік келесі жылы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жылы да тереңдей түседі деген ойдамын. Деректерге сүйенсек, еліміздегі 2 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым 226 жобаны жүзеге асырумен айналысып отыр. Бұлардың барлығы қоғамдық өміріміздің сан алуан салаларын қамтиды», деді М. Құл-Мұхаммед.  Министрдің айтуынша, осы жобалар бойынша Елбасы жүктеген мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған шаралар жүзеге асуда.

«Бұндай әріптестік әсіресе дағдарыс кезеңінде қоғамдағы саяси әлеуметтік тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтауда үлкен септігін тигізіп отыр», деді М. Құл-Мұхаммед.