«Толық тексерілдім және вакцинаны еш қорқынышсыз алдым. Қуанышыма орай бәрі жақсы, өзімді ойдағыдай сезінемін. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, вакцина алуға шақырамын», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Арайлым Рахым.
Айта кету керек, вакцинация – ұжымдық иммунитетті дамытудың және коронавирустың елде таралуын тоқтатудың жалғыз тәсілі.
«Мен елорда тұрғынымын. Ғылым саласында жұмыс істеймін. Сондай-ақ, көпбалалы отбасымын. Балаларым мен жақындарым және өзім үшін екпе алдым. Елорда тұрғындары мен қонақтарын, жалпы халқымызды вакцина алуға шақырамын. Тұмшаланып жүретін масканы шешетін уақыт келді», - деді «Қасиетті Қазақстан» ҒЗО жетекшісі Батырхан Жұмабаев.
«Вакцинаны сәуір айында алдым. Бәрі жақсы өтті, ешқандай ауырсыну болған жоқ. Туыстарыңызды, балаларыңызды, ата-аналарыңызды, ата-әжелеріңізді және жақын достарыңызды қорғау үшін COVID-19 вакцинасын қабылдауға шақырамын. Аман болыңыздар!» - деді елордалық цирктің манеж инспекторы Жолдасбек Имашев.
Айта кетейік, денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше Нұр-Сұлтанда вакцинаның бірінші компонентін 308 мыңнан астам адам алды.
187 мыңға жуық қала тұрғыны толық иммундаудан өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен қаланың бас санитар дәрігері елордалықтарды COVID-19-ға қарсы вакцинациядан өтуге шақырған болатын.