Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты білім ордаларына 1690 грант бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Кездесуге Мәдениет және спорт министрлігінің, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, азаматтық қоғам институттарының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отырыс қорытындысы бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары арасында бакалавр даярлауға 1690 орын бөлінді. Оның ішінде Қазақ ұлттық өнер университетіне -315 орын, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына-300, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына-200, Қазақ ұлттық хореография академиясына-25, Түркістандағы Халықаралық Туризм және меймандостық университетіне-800 орын берілді», - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Магистранттарды даярлауға 2023-2024 оқу жылына 166 орын бөлінген. Оның 54-ін Қазақ ұлттық өнер университеті, 63-ін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, 39-ын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, 10 грантты Қазақ ұлттық хореография академиясы алған.

«Докторантураға түсу үшін 26 орын былайша бөлінді: 9-ы Қазақ ұлттық өнер университетіне, 10-ы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, 5-еуі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына берілсе, 2-ін Қазақ ұлттық хореография академиясы алды.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 2023-2024 оқу жылына 700 орын бөлінді. Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжі - 100, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжі – 60, Қазақ ұлттық хореография академиясының колледжі – 40, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі – 65 орын, 70 орын Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне, 60 орынды Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік – қолданбалы өнер колледжі алды, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне 105 орын бөлінді», - делінген министрдің жазбасында.

Спорт саласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға орындар былайша бөлінді: Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат- колледжіне 40 орын, Республикалық спорт колледжіне – 80 орын, Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне – 20 орын бөлінді, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне – 40. Риддер қаласындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне - 20 орын.