Мәдіғали Қарсыбеков: Шорт-тректен ел чемпионатының бәсекелестігі артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Шорт-тректен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков Астанада өтіп жатқан ел чемпионатына баға берді.
Жаттықтырушының айтуынша, ішкі біріншіліктің деңгейі көтеріліп, спортшылар арасында бәсекелестік арта түскен.
— Бұрынғыдай емес, спортшылар арасында бәсекелестік өскені байқалады. Команданың алдыңғы қатардағы үздіктері барынша күш салып, өз орнын сақтап қалуға күш салуы керек. Бұрын әлемдік додаларға кім баратыны белгілі болатын еді, ал қазір кім жеңімпаз болса сол барады. Ел біріншілігінде алдыңғы алты спортшы ұлттық құрамаға қабылданып, әлем кубогына қатысады. Осы бәсекеде Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынады. Сол себепті, ішкі біріншілік өте қызғынды өтіп жатыр, — деді Қарсыбеков.
Ардагер жаттықтырушы ұлттық құраманың дайындық жағдайы туралы айтты.
— Жақын уақытта Олимпиада ойындарына дайындық басталады. Шетелден арнайы әкелген бапкер-мамандар өз көмегін тигізіп жатыр. Команда жақсы келе жатыр, көңіл-күйлері тамаша. Барлығының мақсаты Олимпиада медалін жеңіп алу, — дейді ол.
Қарсыбековтің айтуынша, елімізде шорт-трек спортының дамуына барлық жағдай жасалған.
— Жалпы, бізде спортты қаржыландыру тетігі еуропаға қарағанда күрделі, демеушілер есебінен қаржыландыру қарастырылмаған. Алайда, елімізде әлемдік деңгейдегі жаттығу базасы бар. Мемлекеттен жан-жақты қолдау арқасында елімізде шорт-трек спорты дамып келе жатыр, — деді бапкер.
Еске сала кетсек, Астанада 11-15 қыркүйек аралығында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.