Мәди Ахметов: Президент жолдауында қоғамдағы өзекті мәселелердің бәрі қамтылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Президент жолдауында қоғамдағы өзекті мәселелердің бәрі қамтылды. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы, бұрынғы барлық жолдаулар сияқты, өте мазмұнды болды.

«Жолдауда Қазақстан халқын толғандыратын мәселелер көтерілді. Біздің қоғамның барлық салалары қамтылды. Соның ішінде экология тақырыбын ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, Президенттің партиялық тізімдегі жастарға арналған 30% -дық квотаны заңдастыру бастамасы қуантты. Бұл болашақ халық өкілдеріне үлкен серпін беріп, жігерлендіреді. Бұл үлкен мотивация және нағыз әлеуметтік лифт»,- дейді ол.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы көтерген тағы бірқатар өзекті мәселеге тоқталды.

«Президент жастар арасында өте белсенді таратылатын синтетикалық есірткіге қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Сондай-ақ талантты жастарды қолдау да назардан тыс қалмады. Осы сәтте Мемлекет басшысының өзі айтқан шығармашылық индустрияның қорын құру өте маңызды»,-дейді Халық қалаулысы.

Мәди Ахметов сөз арасында ауыл әкімдерін сайлау ойдағыдай өткенін тілге тиек етті.

«Бұл жерде жақын арада өтетін аудан әкімдерінің сайлауы туралы да айта кеткен жөн. Біз биыл ауыл әкімдері сайлауын сәтті өткіздік. Бұл да біртіндеп саяси реформалар арқылы демократияға үлкен қадам деп ойлаймын. Сондай-ақ ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге жеткізу тақырыбы көптеген отандастарымызды қуантты. Менің ойымша, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көрсеткіші. Жалпы, біздің Президентіміздің барлық бастамалары мен тапсырмалары орынды. Енді оларды орындау міндеті тұр», - деп түйіндеді Мәди Ахметов.