Қаламгердің мерейтойына орай Ұлттық академиялық кітапханада шығармашылық кездесу өтіп, «Құлан – елес» атты жаңа кітабы таныстырылды. Kazinform тілшісі жазушының шығармашылығы мен қазақ прозасындағы өзіндік қолтаңбасына шолу жасады.
«Мәди Айымбетовтің әдеби әлемі» атты кездесуде жазушының әдебиетке келу жолы, шығармаларының ерекшелігі мен қазақ прозасына қосқан үлесі сөз болды.
«Фолиант» баспасынан жарық көрген жинаққа қаламгердің әр жылдары жазған әңгімелері мен ұлттың көрнекті тұлғалары туралы өмірнамалық эсселері енген. Кітапта ауыл мен қала өмірі, адам тағдыры, қоғам тынысы көркем бейнеленген.
Құланның тағдыры арқылы өрілген адам қасіреті
Ақын Сұраған Рахметұлы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жаңа жинақтың ерекшелігіне тоқталды.
– «Құлан – елесті» Мәди Айымбетов шығармашылығының шыңы деп айтуға болады. Қазір әлемде табиғатқа, экологияға қатысты мәселелерге көп көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан бұл – өте өзекті шығарма, – деді ақын.
Жинаққа атау болған әңгімеде түз тағысы мен адамның тағдыры қатар өрбиді. Құлан аулаушылардың қыспағынан төлімен бірге аман қалған керсағал құлан кейін тікұшақтан атылған оқтан құлынынан айырылады. Ал шығарманың тағы бір кейіпкері Диярбек бала күнінен жетімханада өсіп, жалғыздықтың тауқыметін тартады.
– Арал теңізінің жағалауында жайылып жүрген аңдарды тікұшақпен келіп, автоматпен атып, қырып жатқан көріністер бар. Жазушы жануарлардың ішкі сезімін адамзаттың бүгінгі қасіретімен байланыстыра суреттейді. Мұны оқырманға, бүгінгі жастарға жеткізе білуінде үлкен шеберлік жатыр, – деді Сұраған Рахметұлы.
Ақынның пайымынша, шығармадағы құлан – еркіндіктің нышаны, ал елес – өткеннің ізі, адамның ішкі қорқынышы. Осы екі бейне арқылы жазушы шындық пен қиялды ұштастырады. Кейбір оқиғалардың сырын ашуды оқырманның өзіне қалдырады.
Ауыл өмірі арқылы қоғам шындығын суреттеу
Мәди Айымбетов қазақ ауылының күнделікті тіршілігі арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді көтереді. Мұны қаламгердің «Алабай-дода» хикаятынан да аңғаруға болады.
Шығармада ит таластырып, одан пайда табуды көздеген адамдардың әрекеті баяндалады. Жазушы осы оқиға арқылы адам бойындағы ашкөздік пен қатыгездікті көрсетеді.
Сұраған Рахметұлының пікірінше, иттердің айқасында адамдар арасындағы бақталастық пен үстемдікке ұмтылудың астары жатыр.
Ал «Арнасаздың көпірі» әңгімесінде ауылдың екі бөлігін жалғап тұрған ескі көпірдің жайы сөз болады. Жаңа әкім келген сайын көпір мәселесі көтерілгенімен, ештеңе өзгермейді. Ақыры көпірді тасқын су бұзып кетеді. Жазушы осы оқиға арқылы орындалмаған уәде мен ел мүддесінен жеке басының пайдасын жоғары қойған адамдардың әрекетін суреттейді.
«Құмөзектің Дон Кихоты» атты триптих-әңгімесінде ауыл адамдарының аңғалдығы мен өзіндік мінезі әзілмен өріледі. Сұраған Рахметұлы бұл туындыны испан жазушысы Мигель де Сервантестің әйгілі «Дон Кихот» романымен салыстыра талдайды.
Адам жанының иірімдері
Әңгіме – Мәди Айымбетов шығармашылығындағы негізгі жанр. Қаламгер күнделікті өмірде кездесетін шағын оқиғалар арқылы кейіпкерлерінің жан дүниесін ашады.
Мәселен, «Сырлы зерен» әңгімесінде Дүрия кемпір түсінде енесінің тары салынған зерен ұсынғанын көреді. Келіні бұл түсті несібенің таусылмағанына жориды. Осы бір көрініс арқылы жазушы кейіпкердің өткен өміріне үңіліп, сағынышы мен өкінішін жеткізеді.
Ал «Отүйрек-баққұсы» әңгімесінде суретші Мүрсәлімнің тағдыры арқылы өнер адамының еркіндігі туралы ой қозғайды. Бұл шығармада да табиғат көрінісі кейіпкердің көңіл күйімен астасып жатады.
– Мәди ағаның бір ерекшелігі – адамдар арасындағы психологиялық байланыстарды суреттеуі. Адамдардың бәрі бірдей қарым-қатынас жасамайды ғой. Жазушы сол ерекшеліктерді көркем тілмен жеткізе біледі, – деді Сұраған Рахметұлы.
Ақын Мәди Айымбетовтің шығармашылығына арнап жазған 50 мақаласының жеке кітап болып жарық көргенін айтты. Онда жазушының қаламгерлік қолтаңбасы, шығармаларының көркемдік ерекшелігі мен тарихи тақырыптағы ізденістері талданған.
Сұраған Рахметұлы жаңа жинақты жастардың көбірек оқығанын қалайды. Оның пікірінше, қаламгердің туындыларында қазақ халқының дүниетанымы мен тарихи жады көрініс тапқан.
Тарихи тақырыптағы ізденістер
Мәди Айымбетов шығармашылығында тарихи тақырыптың да орны айрықша. Соның бірі – 2021 жылы жарық көрген «Бопай ханым» романы. Туынды Әбілқайыр ханның жары Бопай ханымның өміріне арналған.
Жазушы шығармашылық кездесуде аталған романының ағылшын тіліне аударылғанын айтты.
Сондай-ақ қаламгер жаңа жинағының екі айдың ішінде жарық көргенін атап өтіп, кітаптың басылуына атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.
Жазушы әдебиетке қатар келген замандастарын да еске алды.
– Бәріміз қатар жүрдік, қатар өстік, әдебиетке қатар келдік. Сексен жас деген аз жас емес. Аман болайық! – деді Мәди Айымбетов.
Бұған дейін Астанада жазушы Тұрсынхан Зәкеннің XVIII ғасырдағы қазақ тарихын арқау еткен «Қараберен» романы таныстырылғанын жазған едік.