«Елімізде жастарды қолдау бағытында көптеген игі іс-шаралар қолға алынуда. Бүгінгі жиында Мемлекет басшысы білімге қолжетімділік, алғашқы мамандыққа ие болу секілді жұмыстарды кеңейту қажеттігі туралы сөз қозғады. Жастарды қолдау бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі - жастардың кәсіпкерлігін қолдау тетіктері. Бүгін Елбасы маңызды екі жобаның - «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобасының басталатынын айтып өтті. Халықты жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қазіргі таңда бізде кәсіпкерлікті қолдаудың нақты тетіктері бар. Біріншіден, микронесиелерді беру, гранттарды ұсыну, бірінші жұмыс мамандығын алу, біліктілікті арттыру секілді мүмкіндіктер жастарға көп көмегін тигізіп жатыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне министр Астанада өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатынан кейін.
Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстан Президенті жариялаған жобалар аясында жастарды қолдау бағытындағы жұмыс күшейетін болады.
«Нақтырақ айтқанда, осы жобалар аясында жастарды қолдау шараларының ауқымын кеңейтетін боламыз. Білім мен грант алу, микронесие алу, өз бизнесін ашу, жастарды жұмысқа орналастыру бағытында жастарға көрсетілетін көмекті күшейтеміз», - деп түйді Мадина Әбілқасымова.
Еске сала кетсек, бүгін Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.
«Үкімет 100/200 қағидасы бойынша «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуі керек. Үш жылда жоба еліміздің барлық өңірінде 200 мыңға тарта жас азаматтарымызды қамтуы тиіс. Оның аясында ең сұранысқа ие индустриалдық-сервистік 100 кәсіп бойынша жетілдірілген 200 оқу орны базасында мамандарды даярлағымыз келеді», - деген еді Президент.