«Мемлекет басшысының елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін агенттік Ұлттық банкпен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, осы жылғы 10 қаңтарда трансшекаралық қаржылық операцияларды жүргізуге бақылау іс-шараларын күшейту туралы бірлескен бұйрықты қабылдады», - деді агенттік төрағасы.
Ол күдікті трансшекаралық операциялар тізбесі, сондай-ақ клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген іс-шаралары бойынша қаржылық мониторинг субъектілерінің іс-қимыл тәртібі белгіленгенін атап өтті.
«Агенттік аталған бұйрық аясында банктердің клиенттерді тиісінше тексеру жөніндегі күшейтілген іс-шараларды сақтауын бақылайды. Сондай-ақ банк клиенттерінің ірі трансшекаралық операцияларына елден капиталды заңсыз шығару белгілерінің болуы тұрғысынан күнделікті мониторинг жүргізетін болады», - деді Мәдина Әбілқасымова.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жекелеген-қаржы өнеркәсіптік топтардың төтенше жағдайды пайдаланып, қаржыны шетелге шығару тәуекелі артып тұрғанын жеткізген болатын.