НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен Мәдина Бақбергенова чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалда ол 68 келіде қырғызстандық Мээрим Жуманазаровамен шеберлік байқасты. Қарсыласы 2021 жылы әлем чемпионы атанса, 2020 жылы әлем кубогының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, ол 2020 жылы Жазғы олимпиадада қола алса, былтыр Азия чемпионы тұғырына көтерілді.
Сондай-ақ, әйелдер күресінде 76 келіде Гүлмарал Еркебаева қола жүлдеге қол созды. Ол жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Ариунжаргал Ганбатты жеңді.
Еске салсақ, құрлықтық додада грек-рим күресінен қазақстандық балуандар 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль алды.
Азия чемпионаты 24 сәуірде мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.