Мадонна өз қызын гардеробшы қылып қойды

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Аты аңызға айналған әншінің қызы болу тек қымбат киім киіп, байларға арналған жеке мектепке бару ғана емес. Мадоннаның 16 жасар қызы Лурдес Леон өз Twitter-нде жазғы демалысын қалай өткізгені жайлы жазады, деп хабарлайды РБК.

Лурдес өз анасымен бірге оның әлемдік турнесіне аттанып, костюмерлік бөлімде жұмыс жасаған екен. Оның міндеті бишілерге киініп-шешінуге көмектесу болған.

«Мен анам деп атайтын әйелмен бірге MDNA гастрольдік турына аттанғанымды білетін шығарсыздар. Менің барлық достарым жаз мезгіліне жұмыс тапты, менің де қарап отырғым келмеді. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. 30 секунд ішінде бишіні толығымен киіндіріп шығару оңай шаруа емес. Осылай күн сайын! Бірақ маған ұнады», - деп жазады Лурдес өз қызметі жөнінде.

Сондай-ақ турне кезінде оған әлемді көруге керемет мүмкіндік туғанын айта келе, Лурдес қалалар арасынан Амстердам мен Копенгаген, ал елдер ішінен Түркия қатты ұнағанын атап өткен.

Мадонна өз қызының тәрбиесіне келгенде қатаңдық танытуға тырысады. Бала кезінде оған тәтті жеуге және теледидар қарауға мүлдем тыйым салған әнші бүгінде қызын еңбекке баулуды жөн көрген секілді.