Бұл Астанада Билли Джин Кинг кубогы аясында Канадамен өткен матчта Қазақстанның жеңіске жетуіне сүбелі үлесін қосқан Ю.Путинцеваның содан кейінгі алғашқы жарысы еді.
Тәжірибелі қазақстандық теннисші бастапқы айналымда әлемнің 51-ракеткасы, Чехияның 19 жастағы жұлдызы Тереза Валентовамен бетпе-бет келді.
Бірінші партия 6:4 есебімен Путинцеваның еншісіне жазылды. Екіншісінде Валентова қарымта қайырды — 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Юлия шеберлігінің басым екендігін таныта алды — 6:3.
Екі сағат 54 минутқа созылған аса тартысты бәсекеде Ю.Путинцева 16 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Т.Валентова 4 эйс, 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 23-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен таласады.
Аталмыш ірі додада Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакинаның қарсыласы анықталды.
Қазақстандық спортшы екінші айналымда рейтингіде 71-орындағы румыниялық Елена-Габриэла Русемен ойнайды. Ол бірінші айналымда әлемнің 59-ракеткасы, хорватиялық Антония Ружичті жолдан тайдырды — 3:6, 6:4, 6:0.
Мадрид турнирінің жүлде қоры 8,2 млн еуродан асады. Жеңімпаз 1 млн 7,165 мың еуроға қоса 1 000 рейтингілік ұпайға ие болады.
Испания астанасында сонымен қатар Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина өнер көрсетеді. Ол бұл жолы америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге алғашқы айналымда норвегиялық Улрикке Эйкери — Кайла Глисонмен (АҚШ) шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Шымкенттегі турнирдің ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Шымкент турнирінде Денис Евсеев жұптық сында жарыстың 1-ракеткасын жеңді.