Мадридте Қазақстан мен Испанияның дипломатиялық оқу орындарының арасында келісімге қол қоюдың мүмкіндігі талқыланды

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Елшісі Ерғали Бөлегенов Мадридте Испания Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық мектебінің басшылығымен және тыңдаушыларымен кездесті,

деп хабарлады Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының баспасөз қызметінен.

Қазақстан Елшісінің мектеп ректоры Хосе Мартинеспен болған кездесуінде екіжақты қазақстан-испан ынтымақтастығы, дипломатиялық қызмет үшін кадрлар дайындау мәселесі, екі елдің дипломатиялық оқу орындарының арасында екіжақты келісімге қол қоюдың мүмкіндігі сөз болды.

Дипломатиялық мектеп ректоры кездесуде Қазақстанды белсенді сыртқы саясат жүргізіп отырған қарқынды дамушы ел ретінде таныстырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ролін ерекше атап көрсетті.

Қазақстан елшісі аудиторияның алдында сөйлеген сөзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму жолы, қоғамда орын алып жатқан демократиялық өзгерістер, мемлекет басшысы ұйытқы болып отырған халықаралық бастамалар туралы әңгімелеп берді.

Дипломатиялық мектеп ректоры кездесу соңында қазақстандық дипломатқа екіжақты қазақстан-испан қарым-қатынастарын нығайту жөніндегі белсенді жұмысы үшін ескерткіш медаль табыс етті.

Испания СІМ Дипломатиялық мектебінің негізі 1942 жылы қаланған және ол халықаралық қатынастар саласында кәсіби дипломатиялық кадрлар мен мамандар дайындайтын беделді орталықтардың бірі болып табылады. Онда бүгінде әлемнің түрлі елдерінен 500-ден астам тыңдаушы білім алуда.