АСТАНА. ҚазАқпарат – Марокко астанасы Рабат қаласында өткен футболдан клубтық әлем чемпионатында Мадридтің «Реалы» жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Испаниялық клуб финалда Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» командасымен күш сынасты.
Мадридтіктер 13 минутта есеп ашты. Карим Бенземаның пасын Винисиус мүлтіксіз пайдаланды. Бес минуттан кейін Федерико Вальверде есепті 2:0-ге жеткізді. 26-минутта саудияық Мусса Марега жауап доп соқты.
Екінші кезеңде 54-минутта Винисиустан пас алған Карим Бензема көзге түсті. 58-минутта тағы да Федерико Вальверде мергендік танытты. 63-минутта Лусиано Вьетто есепті қысқартқанымен, алты минуттан кейін Винисиус қос голдың авторы атанды. 79-минутта «»Аль-Хиляль» клубынан Лусиано Вьетто матчтың нүктесін қойды.
Осылайша, 5:3 есебімен жеңіске жеткен «Реал» клубтық әлем чемпионатында үздік шықты.
Бұл мадридтік клубтың түрлі додалардағы 100-інші трофейі еді. Бұл көрсеткіш жөнінен «Реал» каталониялық «Барселонадан» (98 жеңіс, 76 ұлттық чемпионат, 22 халықаралық жарыс) асып түсті.
Фото - Сhampionat.com
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).