Мадуроның жақтастары Каракаста президентті қайтаруды талап етті

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэла астанасы Каракаста елді билеп келген солшыл күштер қозғалысының жақтастары кезекті митинг өткізді. Олар президент Николас Мадуроны елге қайтаруды талап етті, деп хабарлайды DW.

Митингке қатысушылардың айтуынша, Николас Мадуро бір апта бұрын америкалық әскери күштер тарапынан ұсталып, АҚШ-қа әкетілген. Осыдан кейін оның жақтастары Каракас көшелеріне күн сайын шығып, президенттің босатылуын талап етіп келеді.

DW мәліметінше, Мадуро мен оның жұбайы Нью-Йоркке жеткізілгеннен кейін Венесуэла басшысы сот алдына шығарылған. Осы оқиғалар аясында елде қоғамдық-саяси ахуал күрт шиеленісе түскен.

Сонымен қатар Венесуэланың Сыртқы істер министрлігі АҚШ-пен дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру жөнінде келіссөздер басталғанын хабарлады. Бұл байланыстар 2019 жылы АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың алғашқы мерзімі кезінде үзілген болатын. Вашингтон тарапы америкалық делегацияның Каракасқа барып, елшілік жұмысын қайта жандандыру мәселесін талқылағанын растады.

Осы келіссөздер аясында Венесуэлада уақытша президент міндетін атқарушы Делси Родригес саяси тұтқындарды босату туралы мәлімдеді. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 10 қаңтарға дейін кемінде 18 адам түрмеден босатылған.

Соған қарамастан, басқа саяси тұтқындардың туыстары Каракастың шығысындағы Эль-Родео түрмесінің маңында кезекшілік етіп, жақындарының жақын арада бостандыққа шығуын күтуде. Құқық қорғау ұйымдарының хабарлауынша, Венесуэлада әлі де 850-ден астам саяси тұтқын бар, олардың басым бөлігі Мадуро билігі кезеңінде қамауға алынған.

Human Rights Watch ұйымы бұған дейін көптеген тұтқынның «инкоммуникадо» режимінде, яғни сыртқы әлеммен байланыссыз ұсталып отырғанын мәлімдеген. Мұндай жағдай адам құқығын өрескел бұзу әрі азаптаудың бір түрі ретінде бағаланады.

Осы тұста Дональд Трамп саяси тұтқындардың босатылуын «бейбітшілікке ұмтылыстың белгісі» деп атап, Венесуэлаға жоспарланған соққылардың екінші толқынын тоқтатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге ол венесуэлалық оппозиция лидері Мария Корина Мачадомен алдағы кездесуді атады.

Бұған дейін Венесуэла Ұлттық ассамблеясының спикері Хорхе Родригес шетелдік және венесуэлалық тұтқындардың едәуір бөлігі босатылатынын мәлімдеген болатын.

Еске салайық, 3 қаңтарда АҚШ Венесуэла аумағында арнайы операция жүргізіп, Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті Каракаста ұстап, Нью-Йоркке жеткізгені хабарланған. Оларға наркотерроризм, кокаин тасымалдау, автоматты қару мен жарылғыш заттарды сақтау және АҚШ-қа қарсы қастандық жасау баптары бойынша айып тағылған.

Сол күні Венесуэла Жоғарғы соты Делси Родригеске президенттік өкілеттікті толық көлемде беріп, ол уақытша мемлекет басшысы ретінде ант қабылдаған. Ал Мадуро мен оның жұбайы өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. Келесі сот отырысы 17 наурызға белгіленген.