Мадуроның жұбайы АҚШ түрмесінде жүрек талмасына ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуроның жұбайы Силия Флорес жазда АҚШ түрмесінде отырған кезінде жүрек талмасына ұшыраған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: vesty,co.il

Associated Press агенттігінің мәліметінше, Силия Флорестің адвокаттары оның денсаулығына елеулі қауіп төніп тұрғанын айтып, мұндай дертті түрме жағдайында тиісті деңгейде емдеу мүмкін емес екенін жеткізген.

Заңгерлердің сөзінше, оған Нью-Йорктегі үйде тәулік бойы күзет қарауында тұруға рұқсат беруге болар еді.

Олар сондай-ақ 69 жастағы Флорестің АҚШ әскери операциясы кезінде «қабырғаға немесе суырмаға соғылғаннан» кейін денесінде жазылмайтын тыртықтар қалғанын мәлімдеді.

Адвокаттарының айтуынша, Бруклиндегі тергеу изоляторында қамауда отырған кезеңде Мадуроның жұбайы 11 келі салмақ тастаған. Оған жүрегіне ота жасау қажет болуы мүмкін екені де айтылған. Сондай-ақ олар Флорес «үнемі басы айналып, әлсіреп, тынысы тарылып» жүргенін, шілдеде жүрек талмасына ұшырауы да ықтимал екенін мәлімдеді.

Бейсенбі күні ол сотқа барады, онда қорғаушылары Силия Флоресті АҚШ түрмесінен босатып, үйқамаққа ауыстыруды сұрамақ.

Алайда прокуратура кепіл төлеп босату туралы өтінішке қарсы шығып, «қашып кету қаупі өте жоғары әрі қоғамға қауіп төндіруі мүмкін» екенін алға тартты. Сондай-ақ прокурорлар оның медициналық көмекке мұқтаж болған кездерінде түрмеден жергілікті ауруханаға жеткізіліп, қажетті ем алғанын айтты.

Бұған дейін федералды прокурорлар Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті Венесуэла түрмелерінде америкалықтарды азаптады деген күдікке байланысты жаңа айыптар тағуға ниет білдіргені хабарланған еді.