МАЭК-ті қолдауға бөлінген қаражатқа салық салынбайды

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске (Салық кодексі) коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Заң жобасын Парламент депутаттары мемлекет көрсететін көмек аясында мемлекеттік субсидиялар мен гранттарды, басқа да өтеусіз көмекті алушы — коммуналдық меншіктегі және бір мезгілде электр энергиясын, суды (дистиллятты), жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымның мемлекеттік субсидияларды толық игеруі мақсатында әзірледі.

Атап айтқанда, бұл құжат аясындағы жеңілдіктер Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына (МАЭК) қатысты болады.

— Ұсынылып отырған заң жобасы коммуналдық энергетика саласындағы фискалдық және экономикалық мәселелер кешенін шешу мақсатында әзірленді. Бүгінде электр энергиясын, су (дистиллят) және жылу өндірумен бір мезгілде айналысатын коммуналдық энергия өндіруші ұйымға субсидия түрінде бөлінетін мемлекеттік қолдаудың елеулі бөлігі қарыздарды өтеу сияқты мақсаттарға жұмсалудың орнына, салық төлемдері ретінде қайтадан бюджетке қайтарылады. Мәселен, осы жылдың соңына дейін қолданылатын ҚР Салық кодексінің 226-бабы 1-тармағының 15-тармақшасына сәйкес, салық төлеушінің жиынтық жылдық кірісіне барлық табыс түрлері, оның ішінде өтеусіз алынған мүлік те қосылады. Аталған Салық кодексінің 313-бабы 1-тармағына сәйкес, салық салынатын табыс 20 пайыздық мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығына жатады. Осыған байланысты, 2024 жылы республикалық бюджеттен аталған ұйымға бөлінген 5 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау қаражаты кәсіпорынның табысы ретінде есептеледі және жоғарыда көрсетілген нормаларға сәйкес оның 20 пайызы, яғни 1 млрд теңге корпоративтік табыс салығы ретінде қайтадан мемлекеттік бюджетке аударылады, — деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда корпоративтік табыс салығын төлеу мемлекет бөлген қаржының іс жүзінде қайта бюджетке қайтарылуына әкеледі. Бұл көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін төмендетеді.

— Сонымен бірге, бюджеттен бөлінген қаражат тек мақсатты түрде — кредиторлық берешекті өтеуге немесе кәсіпорынды дамытуға ғана жұмсалуы тиіс екенін атап өткен жөн. Осы себептерге байланысты заң жобасын әзірлеушілер алынған субсидияларға салық салудан босатуды ұсынып отыр. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бөлінген қаржыны толық игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң жобасының нормалары тек электр энергиясын, су (дистиллят) және жылу өндіруді қатар жүзеге асыратын және коммуналдық меншікке жататын энергия өндіруші ұйымға ғана қолданылады. Аталған заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысы бар, — деді депутат.

Еске салсақ, былтыр Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақтаудағы МАЭК-ті жөндеу және су тұщыту зауытын жаңғырту жұмыстарын тексерді.