МАЭК-тегі жөндеу жұмыстары қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталатындығын айтты.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңір басшысынан: «МАЭК жұмысын қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 2,4 млрд теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары қашан толығымен аяқталады?», - деп сұраған еді.
Облыс әкімінің айтуынша, Үкімет резервінен бөлінген қаражаттың қазіргі таңда 700 млн теңгесі игерілмеген.
«Оған себеп - МАЭК мекемесіне қажетті құрал-жабдықтардың, қондырғылардың ұзақ уақыт дайындалуы және жеткізілуі. 1 қаңтарға игерілмеген 700 млн теңгенің 400 млн теңгесіне құрал-жабдықтар мекемеге жеткізілді. Қалған 300 млн теңгеге алынатын жабдықтар 2-тоқсанда жеткізіліп, МАЭК-тің тұрақты жұмыс істеуіне үлкен септігін тигізеді. 2023 жылы МАЭК-ке байланысты кестедегі іс-шараларды орындадық. Оған резервтен бөлінген қаражаттың да ықпалы болды. Жылу электр станциясындағы 2-энергоблоктың жөндеу жұмыстары осы жылдың 1-тоқсанында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Бөлінген қаражаттың тиімді және уақытылы игерілуі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында», - деді Нұрлан Ноғаев.