«Магаджан» бөгетінің қирауы: салғырттықтан болған апат үшін шенеунікке үкім шықты

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті Хромтау ауданындағы «Магаджан» су бөгетінің қирауына әкелген немқұрайлылық фактісі бойынша тергеуді аяқтады. 

— Бөгеттің бұзылуына жергілікті атқарушы орган қызметкерінің өз қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы себеп болды. Аталған әкімдік қызметкері гидротехникалық құрылыстың техникалық жағдайын бақыламаған, тексеріс жүргізбеген және апаттың алдын алуға қажетті шараларды қабылдамаған.

Салдарынан Алға ауданының елді мекендері мен Ілек және Қарғалы өзендерінің маңындағы бау-бақша ұжымдары су астында қалды. 215 адам, оның ішінде 96 бала қауіпсіздік жерге жеткізілді. Келтірілген шығын 211 млн теңгеден асты, — делінген ҚМА хабарламасында.

Сот кінәлі тұлғаға 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін осы іс бойынша «Тұлпар ТК» ЖШС директоры қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарағаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылған. Сот үкімімен оған екі жарым жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. 

Айта кетелік «Магаджан» бөгетін күтіп ұстамаған кәсіпкер тергеліп жатқаны туралы жазған едік