МАГАТЭ «беделінен айырылды»: Иран шектеу енгізбек
АСТАНА.KAZINFORM — Иранның бірпалаталы Парламенті — Меджлис, елдің Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастығын тоқтату туралы заң жобасын мақұлдады. Парламент қабылдаған қарарға сәйкес, агенттік инспекторларына Иранға кіруге тыйым салынады, деп жазды BBC.
Жиынға қатысқан 223 депутаттың 221-і құжатты қолдаған.
Аталған заң жобасы заң күшіне енуі үшін Иран Конституцияны қорғау кеңесі мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесі тарапынан бекітілуі қажет.
Парламент қарарында МАГАТЭ өкілдеріне ел аумағында инспекциялық жұмыс жүргізуге тыйым салу қарастырылған. Бұл шектеу ирандық ядролық нысандардың қауіпсіздігіне кепілдік берілгенге дейін күшінде болады.
Осы аптада Иран Парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті бұл заң жобасының жалпы тұжырымдамасын мақұлдаған. Комитет өкілі МАГАТЭ-нің бақылау камералары мен инспекциялары тоқтатылатынын, сондай-ақ Иран енді агенттікке тұрақты есептер жолдамайтынын мәлімдеген.
Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Парламент спикері Мұхаммад-Бақер Ғалибаф елдің бейбіт ядролық бағдарламасын жедел дамыту басталатынын айтты.
Тегеран ядролық қару жасауға ұмтылатынын жоққа шығарады.
Иран билігі МАГАТЭ Иранның ядролық міндеттемелерді орындамағаны туралы маусым айында жариялаған қарары арқылы Израиль шабуылдарына негіз жасағанын алға тартады.
Ғалибаф сонымен қатар агенттіктің Израильдің Иран ядролық нысандарына жасаған шабуылдарын айыптамауын қатты сынға алды. Оның айтуынша, бұл МАГАТЭ-нің халықаралық беделін шайқалтқан.
— МАГАТЭ Иран нысандарына жасалған шабуылдарды айыптамай, өз беделіне нұқсан келтірді, — деді Ғалибаф.
Дүйсенбі күні АҚШ-тың Ирандағы уран байыту нысандарына жасаған әуе шабуылынан кейін, МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси зақымдалған аймақтарға инспекторларды жіберіп, ықтимал «өте ауқымды» шығынды бағалау қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, агенттік мамандары уран қорының жағдайын тексеріп, объектілердегі зақымдарды бағалауы керек. Гросси әсіресе Фордо нысанындағы 60%-ға дейін байытылған 400 кг уранның тағдырына алаңдаушылық білдірді.
— Фордодағы уран байыту нысанында пайда болған шұңқырлардан тесіп өтетін оқ-дәрілер қолданылғаны байқалады. Қазіргі уақытта ешбір адам не ұйым, соның ішінде агенттік те, жер астыдағы нақты зақымды толық бағалай алмай отыр, — деді Гросси.
Оның айтуынша, АҚШ шабуылдарының жарылыс қуатын ескерсек, центрифугалар қатты зақымданған болуы мүмкін.
Ал Иран билігі бомбалау елдің ядролық бағдарламасын бұзбағанын мәлімдеді. Бұл — Тегеран жоғары байытылған уранды шабуылға дейін басқа орынға көшіріп үлгерген болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Анықтама:
2015 жылы Иран халықаралық қауымдастықпен ядролық келісімге қол қойған. Бұл құжат Тегеранға уранды 4%-дан төмен деңгейде байытуға ғана рұқсат берген. Келісімге сәйкес санкциялар жеңілдетіліп, МАГАТЭ тарапынан әлемдегі ең қатаң инспекция режимі енгізілген.
Алайда 2018 жылы АҚШ Президенті Дональд Трамп аталған келісімнен шыққаннан кейін, Иран мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастық күрт төмендеді. Соған қарамастан, агенттік инспекторлары Фордо, Натанс, Исфахан сияқты басты ядролық нысандарды жиі тексеріп келген.
Ал соңғы уақытта Израиль шабуылдары басталғаннан кейін, МАГАТЭ инспекторларына бұл нысандарға кіруге тыйым салынған.
Еске сала кетейік, Иран Парламенті МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы заң жобасын мақұлдады.